Агрокешенге бөлінген қаражат: фермерлер неге несібеден қағылып отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Субсидия төлеудегі әділетсіздік, несие туралы ақпараттың жеткіліксіздігі, техника құнының шарықтап кетуі, экспортқа өнім шығарудың тиімсіз болуы, тағысын тағы мәселелер диқан қауымның кежегесін кейін тартып тұр. 

Маңғыстаулық шаруалар мал азығына субсидия сұрайды
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Былтырғы субсидия әлі жоқ

Ертіс-Баян өңірінде егін салумен 1 385 шаруашылық айналысса, оның 48-і ғана ірі шаруашылық (жалпы саннан 3,5 пайыз) есептеледі. Өкінішке қарай, мемлекеттен бөлінетін миллиардтаған субсидияның тең жартысын аталған 48 шаруашылық иеленіп отыр. 

Тарқата айтсақ, былтыр өңірге берілген 9,4 млрд теңгенің 4,7 млрд теңгеден астамын алған. Қалған бөлігін 1 337 фермер қанағат еткен.

Тағы бір мәселе — өткен жылы тұқым, тыңайтқыш пен гербицид сатып алғаны үшін төленетін демеуқаржыны, жалпы сомасы 14,6 млрд теңге субсидияны шаруалар әлі көрген жоқ. Мұндай мәселеге кезіккендер толығымен орта және ұсақ шаруалар.

Қолдау қаражатынан дәмеленіп, субсидияға өтінім тапсырғандардың құжаты жыл соңында кері қайтарылған жайттар да кездесіп отыр. «Құжатыңыз толық емес» деген сылтау жиі айтылады.

Алайда өтінім толтырылған мезетте құжаттардың толық пакетін қабылдап алған мамандар бұл туралы ешбір ескерту айтпайтыны таңғалдырады. Сайып келгенде фермерлер түсініксіз жағдайда тиесілі қаражаттан қағылып жатыр.

ауыл шаруашылығы егін
Фото: Pexels

«Бізге субсидия емес, техниканың құнын арзандатқаны керек»

«Болашақ-Жайма» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің өкілдері өткен егін маусымынан түк табыс таппағанын, керісінше шығынға батып отырғанын жеткізді. Шаруашылық 2 мың гектарға егін салады.

Кооператив басшысы Абылай Жүнісов былтыр бидайдың килограмын 55-60 теңгеден өткізгендерін қынжыла айтты. Салдарынан шаруашылық өз қызметкерлерінің еңбекақысын әрең тауып беріп отыр.

— Субсидия бүгінде біз сияқты орта және шағын шаруашылықтар үшін нағыз сарсаңға салатын дүние болып тұр. Көп жағдайда субсидияға өтінім беретін Gosagro.kz порталы дұрыс жұмыс істемей тұрады немесе қанша тырыссақ та мерзіміне үлгермей қаламыз. Жауапты мекемеде отырғандар ақыр-соңы субсидия ақшасы бітіп қалды деп қолын сілтейді. Өкінішке қарай, құжатты өз бетімен жинаған фермерлер субсидиядан құр қалып қояды да, араға делдал салғандардың, ірі шаруашылықтардың қалтасы қампайып шығады. Біз сияқтылар үнемі резервте тұрамыз. Бұл барып тұрған әділетсіздік дер едім. Telegram мессенжерінде фермерлерге онлайн консультация беретін арналардың аты бар да, заты жоқ. Мүлде жұмыс істемейді, кері байланыс деген атымен жоқ, — дейді фермер.

фермер
Фото фермердің жеке архивінен

Баянауыл ауданында 600-ге жуық шаруашылық бар болса, былтыр соның небәрі екеуі ғана несиеге жаңа техника сатып алған. Өзгесінің қымбат техниканы алуға шамасы жоқ немесе алған күннің өзінде несиені төлеуге әлеуеті жетпейді. 

Аудандағы ауыл шаруашылық техникасының 95 пайыздан астамы тозып тұр. Осыдан төрт-бес жыл бұрын 4 млн теңге тұрған МТЗ-80 тракторының құны бүгінде екі жарым есеге жуық қымбаттап, 10 млн теңгеге жеткен.

Ал диқандардың арманына айналған заманауи себу кешендерінің қазіргі құны 100 млн теңгенің үстіне шығып кетеді. Мұндай шығынды ұсақ шаруашылықтардың қалтасы қайтіп көтерсін…

— Өз мысалымда айтайын, былтыр 80 млн теңгеге сегіз дөңгелекті «Бюлер» себу кешенін несиеге сатып алдым. Тіркейтін қосымша агрегаттарын қоса есептегенде 100 млн теңгеге жетті. Үкімет инвестициялық субсидия төлейміз, техниканың 30 пайызын өтеп береміз дегенге сеніп, «ҚазАгроҚаржы» арқылы лизингке алғанбыз. Жыл соңына дейін түседі деген субсидия әлі жоқ. Техниканың алғашқы жарнасын соның есебінен жабамын деген үмітім күлге айналды. Енді қаржы ұйымы жарнаны кешіктіргенін үшін тұрақсыздық айыбын төлейсің дейді. Мұндай жағдайда белгілі бір шешімдер болуы керек қой. Мұндай проблеманы аудандағы «Алтынторы» шаруа қожалығы да бастан кешуде. Техника құнын субсидиялау пайда болғалы ауыл шаруашылық техникаларының бағасы тіпті аспандап кетті. Техникаға субсидия төлегенше, Үкімет оның құнын түсіруге әрекеттенгені абзал деп ойлаймыз. Тек техниканың инвестициялық субсидиясы емес, күнбағыс тұқымына төленуі тиіс 2,5 млн теңге субсидияны да ала алмай отырмын. Күнбағыс тұқымын былтыр Ресейден алдым, себебі отандық тұқым қымбат, — деп мұңын шақты Абылай Жүнісов.

дастархан «JańaDala/GreenDay 2024» көрмесі
Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

Делдалдарды жазалау керек

Мәжіліс депутаты, Қазақстан фермерлер одағының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқавтың тапсырмасы бойынша көктемгі егіске бөлінген 700 млрд теңгені несие түрінде үлестіру баяу жүріп жатыр деп есептейді.

Елімізде 300 мыңнан астам әртүрлі формадағы шаруашылық бар.

— Мемлекеттің субсидия бойынша шаруалар алдындағы қарызы бүгінде мәселеге айналып тұр. Фермерлер өз шығындарынан бөлек, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына», «Даму» қоры, «ҚазАгроҚаржы» және өзге де қаржы институттарына қарыз. Олардың қиын жағдайын ескеріп, бюджет қаржысы осы мәселені шешуге бағытталуы керек деп ойлаймын. Президентіміз агрокешенді қаржыландыруды 1,5 трлн теңгеге жеткізуді, соның ішінде ауыл шаруашылық техникаларының кемі 8-10 пайызын жаңарту үшін 450 млрд теңге бөлуді тапсырған еді. Биыл техника сатып алуға 200 млрд теңге қарастырылып отыр. Алайда бізде министрліктер арасындағы келісу үдерістері ұзаққа созылып кетеді. Қыс ортасында картоп қымбаттап еді, бәріміз дүрлігіп шыға келдік. Фермерлер артық ақшаны қалтасына басып жатқан жоқ, бұл — делдалдардың қитұрқысы. Ендеше бұдан шығатын қорытынды — жауапты органдар ойына келген бағаны қойып, тұтынушылар арасында алаңдаушылық тудыратын делдалдарды жазалаумен нақты айналысуы тиіс, — дейді қауымдастық төрағасы.

скот, сельское хозяйство, коровы, сиырлар, ауыл шаруашылығы
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Экспорт неге оңбай тұр?

Мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Нұржан Әшімбетов элиталық, жоғары репродукциялы тұқымдарды сатып алуға қаражаты болмай, арзан тұқымды алып, салдарынан өнімі нашар шығатын шаруалардың жағдайын ең әуелгі кезекте назарға алу керек деген пікірде. Мұндай фермерлер субсидияға іліге алмайды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында диқандарға қаражатты желтоқсан айынан бастап үлестіру керек деген тапсырма беріп, нәтижесінде «Кең дала 2» бағдарламасы екі айдан бері фермерлерге 5 пайызбан арзан несие ұсынып жатыр. Бірақ ұсақ шаруаларда мәселе әлі де баршылық екенін жақсы білеміз. Оларға жан-жақты консультация жетіспейді. Құжат мәселесі де бар. Жергілікті әкімдіктер мен жауапты ұйымдар осыған назар аударуы тиіс, - дейді Мәжіліс депутаты.

депутат
Фото: Мәжіліс

Нұржан Кемерұлының пікірінше, диқандар егісті әртараптандыруды жалғастыра беруі керек. Себебі соңғы жылдары отандық бидайдың экспорт мәселесінде қиындықтар туындап отыр.

Ресейдегі егістік жерлердің көлемі мен алынатын өнімі біздің елмен салыстырғанда өте үлкен, соған сай олардың астығы арзан. Баға жағынан біздің диқандар бәсекелесе алмайды.

Мысал үшін майлы дақылдарды көбірек өсіруге, оларды сырттан сатып алушыларды табуға ұмтылған абзал.

— Елімізде бидайдың тоннасы 90-100 мың теңге болса, күнбағыс дәнінің тоннасы 150 мың теңгеден кем болып көрген емес. Қытай мемлекеті оны бізден 250 мың теңгеге сатып алады. Алайда бұл жерде өнімді қайта өңдейтін отандық кәсіпорындардың қитұрқы лоббиі бар. Қазақстанда күнбағыс майын шығаратын небәрі 5 зауыт бар. Солардың ұсынысымен Үкімет экспортқа шығарылатын әр тонна күнбағыс дәніне 100 еуро баж салығын белгілеп қойған. Бұл дегеніміз диқанға шамамен 55 мың теңге қосымша шығын әкеледі. Салдарынан күнбағысты экспортқа өткізу қымбатқа шығады. Күнбағыс дәнін өзіміздің зауыттар бәрібір толық өңдей алмайды, көп бөлігі қоймада қалып қояды. Салдарынан шаруашылықтар баж салығын төлеп, ұтылып отыр, -деп қосты депутат.

Несие алудың машақаты

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Дощановтың мәліметінше, 2024 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 82 млрд теңгеден астам қаражат, оның ішінде субсидиялауға 32,2 млрд теңге бағытталған.

— Әр шаруашылық өзінің өндіріс көлеміне сәйкес субсидия ала алады, жер көлемі бойынша да шектеу жоқ. Соңғы бірнеше жылда субсидия төленетін платформаға жаңашылдық енгізілді. Яғни, бюджетте қаражат болмаса да, ауылшаруашылық субъектілері өтінімдерін жолдай береді. Сондықтан, өткен жылдың қорытындысы бойынша күту парағында 14,6 млрд теңге сомасына субсидия бойынша берешегіміз бар және ол биылғы қаңтар айынан бастап төленіп жатыр, - дейді Дархан Дощанов.

басқарма
Фото: Павлодар облысы әкімдігі

Егін шаруашылығын қолдауға биыл облыста 4,1 миллиард теңге субсидия қаралған. Субсидия алу үшін фермерлер мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы, яғни gosagro.kz платформасында өтінім береді.

«Заңды тұлғалар» немесе «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорларымен ақпараттық өзара іс-қимылы нәтижесінде расталған жеке шоты болу қажет. Субсидияланатын тауарға немесе техника мен жабдықтауыштарға, құрылыс кезінде жұмсалған шығындар расталуы тиіс.

Өтінім басқармада тіркелген сәттен бастап 14 күн ішінде қаралып, субсидия алу шарттарына сәйкес оның қабылданғаны расталады не теріс шешім шығарылады.

Қаңтар айында Ертіс-Баян өңірінің шаруалары несиелік бағдарламалар бойынша 2,5 млрд теңге қаражат алып үлгерген.

Оның 2,3 млрд теңгесі «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша ресімделген. Бұл туралы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Ардақ Таңжарық хабардар етті.

Бірақ Екібастұздың ауылдық аймағы, Баянауыл, Тереңкөл, Май, Шарбақты аудандарының фермерлері әзірше аталған бағдарламаға өтінім бермеген. Филиал басшысы ұсынған қажетті құжаттар пакетін шолып отырып, диқандар үшін шынымен несие алу үдерісі машақатты шаруа екенін түсіндік.

АПК сельхоз техника подсолнух поле АӨК ауыл шаруашылығы машиналары күнбағыс  өріс
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

ЖШС, кооперативтерді былай қойғанда, шаруа қожалығы, фермерлік шаруашылық, жеке кәсіпкерлер жеке басты куәландыратын құжаттардан бөлек, салық, несие төлемдері мен несие тарихы, жер мен техникаға, төрт түлікке, ветеринариялық ахуалға, жеткізушімен айналым қаржысы туралы жасаған келісімшартқа (жанар-жағармай, тұқым, қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар және т. б.) қатысты құжаттарды, бизнес жоспар немесе техника-экономикалық негіздеме, тағысын-тағы құжаттарды тапсыруы керек. Бұл алғашқа кезектегі құжаттар ғана.

Одан соң несиені кепілмен қамтамасыз ету, нотариалдық куәландыру бойынша да қаншама құжаттар жинау керек болады. Мұның барлығы қыруар уақытты қажет етеді. Онсыз да алдағы егістің жайын ойлап басы қатып жүрген диқанды құжат машақатынан құтқаратын әмбебап жүйе табылмай тұр.

Соңғы жаңалықтар