Агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландырудың жалпы көлемі 80,9 млрд. теңгені құрады

АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «ҚазАгро» компаниясы тобына қарасты агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландырудың жалпы көлемі 80,9 млрд. теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңінің деңгейімен салыстырғанда 105,9 пайызды (76,4 млрд. теңге) құрады.

Агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландырудың жалпы көлемі 80,9 млрд. теңгені құрады

Ал 2011 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «ҚазАгро» холдингі ароөнеркәсіп кешенін несиелеуге 68,2 млрд. теңгеден артық қаражат бағыттады. Бұл өткен жылғы деңгейден 10,6 пайызға артық. Соның ішінде өндіріс 36,8 млрд. теңгені құрады. Осы ретте жеміс-көкөніс өнімдерінің өндірісін несиелеу көлемі жарты жылдықта өткен жылдың тиісті кезеңінің деңгейінен 2,6 еседен астамға артты. Сонымен қатар, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу 2,3 млрд.теңгені құраған. Ал 2010 жылдың 1 жарты жылдығында қайта өңдеуге 1,2 млрд.теңге бағытталған болатын.

Несие серіктестіктерінің желісін дамытуға және оларды несиелеуге ағымдағы жылдың басынан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 4377,5 млн. теңге бөлді. Мәліметтерге қарағанда, елді мекендерде барлығы 161 ауылдық несие серіктестіктері құрылған Оның құрамына 6 мыңнан астам ауылшаруашылық құрылымдары кіреді.