«Агротехника-2030» ЖШС-нің бас директоры Берікбай Төлеубаев «Жыл меценаты» атанды
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Көкшетауда «Достар» мәдениет үйінде өткен бас қосуда «Қайрымдылық-2008» облыстық байқауының қорытындысы шығарылып, қайырымдылық жасау шарасында табысқа жеткендерге сый-құрмет көрсетілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Дәстүрлі байқауға 20-ға тарта кәсіпорындар мен ұйымдар, шағын және орта бизнес өкілдері қатысып, өздерінің әлеуметтік іс- шараларды жүзеге асыруға қосқан үлестерін көрсете алды. Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Альберт Рау қайырымдылық қозғалысының бүгінгідей экономикалық дағдарыста ерекше маңызды екенін тілге тиек ете келіп, оған құлшына кірісушілер қатары жылдан -жылға артып отырғанын мақтанышпен атап көрсетті. Салтанатты жағдайда «Алтын кезең» номинациясында арнайы белгі мен бағалы сыйлық «Тыныс» акционерлік қоғамының бас директоры Қуаныш Бекімовке табысталса, Сандықтау ауданы «Каменка және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Алексей Джейранов «Ауылдың қайырымдысы», «Көкшетау жолдары» ЖШС-нің бас директоры Ташмағанбет Қасенов - «Денсаулыққа дархан», Целиноград ауданы «Родина» агрофирмасы ЖШС-нің бас директоры Иван Сауэр - «Ең мол үлес», «Сауда үйі» кәсіпорны» ЖШС-нің бас директоры Алексей Смагин - «Инвестиция-болашаққа», көкшетаулық кәсіпкер Олжас Сыздықов «Азаматтық бастама», «Көкшетау автобус паркі» ЖШС-нің бас директоры Әсия Шаримова «Қайырымды-ханшайым» аталымында жеңімпаздар атанып, қошеметке бөленді. Ал «Жыл меценаты» жүлдесі «Агротехника-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Берікбай Төлеубаевқа берілді.