Ағымдағы аптада елімізде заңсыз аң аулаумен айналысудың бірқатар фактілері анықталды

«Шығыс Қазақстан облысының Зырян қалалық аудандық ішкі істер бөлімінің табиғат қорғау полициясының инспекторы «Браконьер» жедел табиғат қорғау іс-шараларын жүргізу барысында Путинцев селосынан 50 шақырым қашықтықтағы қоныста 1980 жылы туған Катонқарағай ауданы Ново-Березовка ауылының тұрғынын заңсыз әдіспен марал ұстаған жерінде әшкереледі. Оқиға болған жерден екі бас марал мен болаттан жасалған екі тұзақ табылып, тәркіленді. Келтірілген залал 692 000 теңгеге бағаланып отыр. Браконьерлік фактісі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 288-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Сонымен қатар 2013 жылдың 6 қарашасында ҚР Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің қызметкерлері Қармақшы ауданының Төретам кентінде жоспарлы шараларды жүргізу барысында 1963 жылы туған Қазалы ауданы тұрғынының басқаруындағы «Фольксваген Пассат» маркалы автокөлікті тоқтатып, тексеру өткізді. Тексеріс нәтижесінде автокөлік ішінде бас-аяқтары және ішек-қарындары жоқ екі киік еті табылған. Күдікті азамат, оқиға орнына шақырылған қалалық прокуратура мен жедел тергеу тобы қызметкерлерінің алдында берген түсініктемесінде, киік етін Қазалы ауданында бейтаныс адамдардан сатып алғандығын жеткізген. Жиналған деректі материалдар Қазалы аудандық ІІБ тапсырылып, тиісті сараптама және тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Мұнымен қоса сол күні Қызылорда облысының Қармақшы ауданында «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорыны инспекторларының «Алты құдық» өңірінде өткізген кезекті іс-шаралары барысында ішінде үш азамат отырған «Нива» маркалы автокөлігін тоқтатып, тексеруден өткізді. Соның нәтижесінде автокөліктің жүк салғышынан 12 калибрлі жалғыз ұңғылы аңшы мылтығы, алты дана атылмаған оқтар және қапқа оралған басы мен терісі жоқ белгісіз (ақбөкенге ұқсас) аңның еті табылған. Жиналған деректер мен айғақтар Қармақшы АІІБ-не тапсырылды. Оқиға бойынша тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары жүргізілуде.