Ағымдағы жылдың бірінші жартысында елдегі жинақтаушы зейнетақы көлемі 1 трлн. 680 млрд. теңгені құрады - Елбасы
Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Президенттің айтуынша, өткен уақытта еліміздегі жағдайды тұрақтандыру үшін мемлекеттен 19 млрд. АҚШ доллары бөлінді. Бұл еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 14 пайызын құрайды. «Біз өзіміз қолданған осы тектес жүйелі шаралардың нәтижелерін осы кезден-ақ сезініп отырмыз. Біріншіден, біз әлеуметтік саланы нығайта алдық. Біз әлеуметтік міндеттемелердің барлығын сақтап қалдық. Бұл мәселелердің оңтайлы шешілуінде аймақ тұрғындарын жұмыспен қамту бағдарламасы үлкен рөл атқарды. Бұл бағытқа біз 191 млрд. теңге бөлдік. Бүгінде Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың ірі жұмыс берушілермен жасаған меморандум талаптары сақталып отыр. Осының бәрі елдегі әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік берді», деді Мемлекет басшысы.
Елбасының сөзінше, қазіргі таңда еліміздің аймақтарында 5 мыңнан астам инвестициялық жобалар жүргізілуде. Сондай-ақ 393 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. «Биылғы жылдың алғашқы жартысында тұрғындардың нақты кірістері өсіп, жинақтаушы зейнетақы көлемі 1 трлн. 680 млрд. теңгені құрады. Ал бүкіл республика бойынша «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен 20 зияткерлік мектеп салу іске асырылуда», деді Н. Назарбаев.