Ағымдағы жылы Индустрияландыру картасы аясында 1,3 трлн. теңге игеріледі

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылы Индустрияландыру картасын жүзеге асыру аясында 1,3 триллион теңге игеріледі.

Ағымдағы жылы Индустрияландыру картасы аясында 1,3 трлн. теңге игеріледі

Бұл туралы бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Әсет Исекешев мәлім етті.

Ағымдағы жылы «Жетіген-Қорғас», «Өзен-Түрікменстанмен арадағы мемлекеттік шекара» темір жолдарының, Мойнақ су электр стансысының, құбыр шығаратын зауыттың және тағы да бірқатар экономикалық маңызы зор нысанның іске қосылатынын баса айтқан ол: «2011 жылы Индустрияландыру картасы жобалары бойынша 1,3 триллион теңге игеру жоспарлануда», - деді.

Ә.Исекешевтің атап өтуінше, өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары барысында аталған бағдарламаға тағы да 224 жаңа жоба қосылған. Қазіргі уақытта олар қаралу үстінде. «Ақпан айында тағы да жаңа жобалар түседі деп ойлаймыз. Наурыздың соңына дейін біз Индустрияландыру картасын өзектілендіріп, Үкіметтің қарауына енгізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, қазір Индустрияландыру картасында алдын ала 500-ден астам жоба бар», - деді ол.