АХМЕТ ИШАН КЕСЕНЕСІ
ет ишан кесенесі - ХХ ғасырларда салынған сәулет өнері ескерткіші. Кесене Сарысу өзенінің төменгі ағысында Сіңіртек деген жерде орналасқан. 1926 жылы халық шебері Ақберен Жақсыбердіұлы Ахмет ишан бейітінің басына тұрғызған.
Ахмет ишан Оразайұлы - ишан, тәуіп. Әкесі Оразай ишаннан сауатын ашып, кейін Бұхарадағы діни медреседе оқыған. Сарысу, Телікөл бойын жайлаған Бағаналы елінде мешіт пен мектепті қатар ұстап, екі рет Меккеге қажылық сапармен барып қайтқан. Білімдарлығы мен ақыл - парасаты, әділдігімен Ақмола, Торғай, Жезқазған дуандарына аты мәлім болған. А.Байтұрсынов, М.Дулатовтармен хабарласып, «Қазақ» газетін шығаруға қаражат жағынан қолдау көрсетіп отырған. Газет бетінде қазақ балаларының оқулығына бәйге жариялап, отырықшы өмірдің артықшылығы туралы мақалалар жазған. Саяси-қоғамдық, әлеуметтік істерге де белсене араласқан. 1961 жылы патша үкіметінің жарлығына қарсы Бағаналы елі көтерілгенде, сол көтеріліс басшыларының бірі болып, төбе биі болып сайланады. Тоғыз болыс Бағаналы елінің отырықшылыққа көшуіне бас болып, Сарысу өзенінен Сіңіртек бойына канал қаздырып, егін салдырған. Ахмет ишанның тәуіп ретінде де аты шыққан. Сыр елінде шешек ауруына қарсы алғаш егу жұмысын жолға қойып, балалар өміріне араша тұрады. 1922-1923 жылдары Сарысу бойын жайлаған тырысқақ (оба) ауруына қарсы күресте қызы Бибісара екеуі мыңдаған кісінің өмірін сақтап қалған.
Ахмет ишан кесенесі күйдірілген кірпіштен көлемі әр түрілі екі үлкен бөлме түрінде салынған. Үлкен бөлмесінде зират бар, кішісін кіреберіс дәліз және зиратхана ретінде салған. Осы кіші бөліктің үстіне екінші қабат көтерілген. Кесененің үлкен бөлігі 7,0х7,0 метр күмбезбен жабылған. Ішінен еденнен көтерілген сегіз арка күмбез астымен бірігіп кеткен. Бөлмеге кіретін шағын ойық П пішінді маңдайшамен өрнектелген.
Бір ғажабы бөлмеге кіретін есік бұл емес, оңтүстік бүйіріндегі қасбетінде, ал мына жалған есік қазақтың дәстүрлі кесенелеріне ортақ ерекшелік болып табылады. Кіші бөлмедегі екі баспалдақтың біреуі кесененің төбесіне шығады, екіншісі шағын күмбезді зиратханаға көтеріледі. Қабырғаның кертпеш ернеуі мен үлкен күмбездің әр жеріне таспен бірге қалап жіберген қысқа таяқтарды есептемегенде кесенеде ешқендай әшекей жоқ.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 1 том