Ахметовтер әулетінің шетелдік компанияларының есепшотына 2,4 млн. доллардан астам қаржы аударылған

Сотта айыпталушылардың бірі - «Қазақстан өнеркәсіп корпорациясы» ЖШС бас директорының бұрынғы орынбасары Әлжан Ақмолдаев Ахметовтар әулетінің шетелдік компанияларының есепшотына аударылған қаражат туралы айтты. Айыпталушының сөзіне қарағанда, аталған қаражат - Қарағанды индустриалдық саябағының инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына қатысу мүмкіндігі үшін берілген пара.
«С.Ахметов үшін «Sahl Al Madina General Trading LLC» (БАӘ тіркелген) компаниясының шотына 2012 жылы 1 ақпанда 250 000 АҚШ доллары, 2012 жылы 11 ақпанда - 300 000 доллар, 2012 жылы 19 ақпанда - 200 000 доллар, 2012 жылы 25 ақпанда - 250 000 доллар, 2012 жылы 4 маусымда - 250 000 доллар, 2012 жылы 16 желтоқсанда - 490 000 доллар, 2013 жылы 13 қаңтарда - 500 000 доллар, 2013 жылы 24 наурызда - 200 000 доллар қаражат аударылған. Осылайша, 2012 жылдың ақпанынан 2013 жылдың наурызына дейін С.Ахметов үшін шетелдік компаниялардың шотына 2 440 000 АҚШ доллары аударылды», - деп хабарлады Әлжан Ақмолдаев. Белгілі болғандай, мердігер мен С.Ахметов арасында делдал болған Данияр Ахметов (Серік Ахметовтың ұлы) Ақмолдаевтан «Sahl al Madina General Trading LLC» мен «Al Karada General Trading LLC» (соңғысынан ақша аударылған) компаниялары арасындағы келісімді растайтын шарт дайындауды сұраған. Бұл кіші Ахметовтың қаражатты пайдалана алуы үшін керек болған. Өйткені келісім жасасқанын дәлелдейтін құжатсыз шот ашылған банк қаржы операцияларын жасауға рұқсат бермеген. Ақмолдаев компаниялардың бірін картоп жеткізуші, екіншісін сатып алушы қылып көрсеткен. Нәтижесінде 1 300 тонна картоп 650 000 долларға сатылды. Көрсетілген мерзімде шетелдегі есепшоттарға 2,44 млн. доллар - шамамен 324 млн. теңге аударылғанын байқауға болады. 600 миллион аудармақ болған. Алайда айлаға қатысқандар ұсталғандықтан, қалған соманы аударып үлгермеген. Атап өтейік, Ақмолдаев сұрау кезінде даталар мен соманы нақты атап отырған. Ол тіпті, С.Ахметовпен кездесуінің бүге-шүгесіне дейін айтып бере алды. Ол С.Ахметов үйіндегі аулада алма піскенін еске алып, кездесу тамыз айында өткенін атады. Сондай-ақ ол С.Ахметов түскі асқа жарты сағат қалғанда алма жейтінін айтты.