Ахметжан Есімов Жеңіл атлетика федерациялары халықаралық қауымдастығының делегациясын қабылдады
АЛМАТЫ. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Кеше Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімов Жеңіл атлетика федерациялары халықаралық қауымдастығының делегациясын қабылдады.
Кездесу қауымдастық президенті Лами Диактың қатысумен өтіп жатқан жеңіл атлетиканың азиялық қауымдастығының конференциясы аясында өтті.
«Барлығымыз білеміз, жеңіл атлетика спорт падишасы болып табылады, Алматыда спорттың осы түрін дамытуға үлкен назар аударылуда. Азиада ойындарына дайындық барысында біз Орталық стадионды толық жаңарттық, мұндағы жүгіру жолы ең жоғары әлемдік стандартқа жауап береді. Универсиаданы өткізу үшін біз жаңа спорт нысандарын салатын боламыз», - деді Ахметжан Смағұлұлы мәртебеіл меймандарға.
Сондай-ақ ол, Алматының Қазақстандағы ірі спорт орталығы екендігін, 2011 жылы 7-нші Қысқы Азия ойындарының өтуіне байланысты қалада әлемдік маңызы бар бірқатар спорт нысаны салынғанын, енді 2017 жылғы Студенттердің бүкіләлемдік универсиадасына дайындықтар жүріп жатқандығын жеткізді. Қазір Алматының Орталық стадионының жүгіру жолы сапасы жағынан Берлин мен Барселонадан кейінгі үшінші орында тұр.