Аида Балаева Алакөл жағалауының жазғы туристік маусымға дайындығымен танысты

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Жетісу облысындағы туристік инфрақұрылымның жазғы маусымға дайындығымен танысып, Алакөл жағалауындағы негізгі нысандардың жай-күйін тексерді.

Аида Балаева Алакөл жағалауының жазғы туристік маусымға дайындығымен танысты
Фото: Үкімет

ҚР Үкіметінің хабарлауынша, жұмыс сапарына орталық мемлекеттік органдардың, Үкімет аппаратының, салалық ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысты.

Алакөл
Фото: Үкімет

Тексеру барысында Үкімет басшысының орынбасары қонақүй кешендері, кәріз-тазарту құрылыстары нысаны, Көктұма ауылындағы жағалауды бекіту учаскесі және Үшарал қаласының әуежайын аралады. Әр бағыт бойынша нысандардың қазіргі дайындығы мен жобалардың іске асу қарқыны жөнінде баяндалды.

Алакөл
Фото: Үкімет

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары жағалаудың жазғы маусымға толық дайындығын қамтамасыз етуді, негізгі инфрақұрылымдық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды, қауіпсіздік пен санитариялық күтіп-ұстау шараларын күшейтуді, демалушыларға арналған көрнекі профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жолға қоюды, сондай-ақ туристер ағынының өсуі мен ішкі туризмді дамытудың ұзақмерзімді міндеттерін ескере отырып, туристік аймақты жүйелі жаңғыртуды жалғастыруды тапсырды.

Осыған дейін Алакөл жағалауын күтіп ұстайтын коммуналдық мекеме құрылғаны туралы жаздық.

Алакөл
Фото: Үкімет