Аида Балаева министрлікті сотқа берген журналистер туралы пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында өзі басқарып отырған ведомствоны сотқа берген бір топ журналист туралы пікір білдірді.

Аида Балаева
Фото: kazpravda.kz

- Менің сот шешіміне пікір білдіруге хақым жоқ. Бірақ шешім шығарған кезде тараптардың бүкіл дәлелі мен уәжі ескерілгеніне сенімдімін. Заң нормасымен келіспеген жағдайда сотқа беру – бүкіл әлемде қолданылып жүрген өркениетті тәсіл. Сіз айтып отырған типтік ережелерді әзірлеп, бекіткен кезде қажетті заңдық процедуралар түгел сақталды. Ол ережелер Конституциямыз кепілдік беретін сөз бостандығына титтей де қол соғып тұрған жоқ. Бұл ережелер бар болғаны мемлекеттік органдар мен ұйымдарда аккердиттелудің тәртібін реттейді. Одан артық ештеңе емес, - дейді ол.

А.Балаев БАҚ өкілдеріне мұндай талаптар қою бүкіл әлемде бар тәжірибе деп есептейді. 

- Қазақстанда 6 мыңдай бұқаралық ақпарат құралы тіркелген және жұмыс істейді. Ал талап-арыз берген 12 журналист біздің ведомствоны ғана емес басқа да мемлекеттік органдарды жүйелі түрде сынап жүр. Мемлекеттік сөз бостандығы жоқ деп сынап жүрген де солар. Бірақ олардың үздіксіз сыны, шенеуніктерге қарсы ашық хейті, тіпті сіз айтып отырған талап-арыз да қазір бізде нағыз сөз бостандығы бар екеніне айғақ болып отырған жоқ па, - деп жауап берген министр.

Соңғы жаңалықтар