Түркі елдері жасанды интеллект пен цифрлық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева Түркі мемлекеттері ұйымы қауіпсіздік кеңестері хатшыларының бесінші отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Аида Балаева Түркі мемлекеттері ұйымы қауіпсіздік кеңестері хатшыларының бесінші отырысына қатысты
Фото: Ақорда

Бакуде өткен іс-шара аясында заманауи сын-қатерлерге қарсы тұрудың өзекті аспектілері және ТМҰ шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі нығайту келешегі қаралды.

Жиынға қатысушылар Таяу Шығыстағы оқиғалардың Ұйым қауіпсіздігіне әсері туралы пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді.

Аида Балаева Түркі мемлекеттері ұйымы қауіпсіздік кеңестері хатшыларының бесінші отырысына қатысты
Фото: Ақорда

ТМҰ елдерінің ұлттық қауіпсіздігі тұрғысынан жасанды интеллект саласындағы мемлекет мүмкіндіктерін дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары геосаяси тұрақсыздық белең алған және халықаралық қауіпсіздіктің жаңа сын-қатерлері көбейген кезде түркі мемлекеттері арасындағы ықпалдастықты күшейтудің маңызын атап өтті.

Отырыста цифрлық қауіпсіздік саласына ерекше назар аударылды. Оған Қазақстанның Киберқауіпсіздік Кеңесін, сондай-ақ Түркі мемлекеттерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құру туралы бастамалары елеулі үлес қоса алады. Түркі елдерінің тиісті ведомстволары арасында өзара іс-қимылдың нақты тетіктерін дамытуға назар аударылды.

Аида Балаева Түркі мемлекеттері ұйымы қауіпсіздік кеңестері хатшыларының бесінші отырысына қатысты
Фото: Ақорда

Сондай-ақ Аида Балаева жиын аясында Әзербайжан Президенті жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Рамиль Усубовпен, Қырғызстан Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Адилет Орозбековпен, Түркия Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің Бас хатшысы Окай Мемишпен, Өзбекстан Президенті жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Виктор Махмудовпен екіжақты келіссөздер өткізді.

Бұдан бөлек, ТМҰ елдерінен келген делегациялар басшылары Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Әңгімелесу барысында өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін диалогты одан әрі ілгерілету мен ынтымақтастықты тереңдетудің маңызды екені расталды.