Аида Балаева «Үстірт» нысанының құжаттамасын ЮНЕСКО-ға тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Париж қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттонемен кездесті.

Кездесу барысында министр «Үстірт» аралас мұра нысанының номинациялық құжаттамасын ресми түрде табыс етті. Жоба Қазақстан тарапынан Дүниежүзілік мұра орталығына алдын ала бағалау үшін және ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу мақсатында тапсырылды.
- Аталған құжаттама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен дайындалды. Мемлекет басшысы еліміздің бірегей тарихи-мәдени және табиғи нысандарын халықаралық деңгейде насихаттау қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын, - деп жазды ведомстводан.
Айта кетейік, аралас мұра объектісінің ұсынылуы – посткеңестік елдер тарихындағы алғашқы тәжірибе.
Үстірт – археологиялық ескерткіштер, дәстүрлі аңшылық тұзақтар-араны және табиғи тұтастықта үйлескен қайталанбас мәдени әрі табиғи ландшафт.
ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттоне Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықтағы белсенді ұстанымына ризашылығын білдіріп, ұсынылған бастаманың аса маңызды екенін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау жерасты мешіттері ЮНЕСКО тізіміне енгізілетінін жарияладық.