AIF: 2029 жылға қарай көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 20 пайызын ЖИ сүйемелдейді
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика министрінің орынбасары Жандос Шаймарданов Астана халықаралық форумында Қазақстанда жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару саласына пайдалану қай деңгейде екенін айтты.

— Қазақстан — өз аймағындағы жасанды интеллектіні дамытудың стратегиясы бар аздаған мемлекеттің бірі. Ол стратегияның ішінде мемлекеттік басқару саласына да жасанды интеллектіні енгізу жоспарымыз бар. Бұл жерде біздің амбициямыз бюрократияны жасанды интеллектінің қолына тапсырумен шектелмейді. Халық пен мемлекеттің байланысын жасанды интеллект арқылы жетілдіруді көздеп отырмыз, — деді ол.
Вице-министр бұл істе Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы көрсетіп отырған қолдаудың маңызды екенін апат өтті.
— 2029 жылға дейін мемлекеттік қызметтердің 20 пайызын жасанды интеллект сүйемелдейтін болады. Осы мақсатпен Smart Data Ukimet платформасын іске қостық. Бұл платформада 100-ге жуық деректер базасын бір жерге шоғырландырған. Бұл іске де жасанды интеллектіні жегіп отырмыз, — деді Жандос Шаймарданов.
Айта кетейік, елордада кешеден бері Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.
Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған. Екі күн бойы олар түрлі саланың сарапшыларымен бірлесіп, мемлекетаралық ынтымақтастық моделін, жаңа жаһандық әріптестік құрудың келешегін талқылайды.