AIF: Дәстүрлі форумнан даму формуласына дейін
АСТАНА. KAZINFORM – 29-30 мамыр аралығында елордада Астана халықаралық форумы (AIF) өтеді. Әлем көшбасшылары мен алпауыт қауымдастық өкілдерінің басын қосқан жиында нендей тақырып талқыланбақ? Жиын Қазақстанның экономикалық әлеуетіне қандай өзгеріс әкелуі ықтимал? Kazinform-ның аналитикалық шолушысы сарапшылар пікірін сабақтастыра жауап іздеді.

«Орта держава» ұсынған саяси алаң
Қазақстан халықаралық деңгейдегі шара ұйымдастырудан кенде емес. 30 жылда жүздеген жиынның түндігі түрілді. Бұрынғы жылдары басым дені имидждік және еларалық ынтымақтастық секілді жалпылама тақырып шеңбермен шектелетін. Тек кейінгі уақытта іс-шаралардың негізгі миссиясы инвестиция тарту, инновациялық тәжірибелерді бөлісу секілді салаға ойысып келеді. Бүгін-ертең өтетін Астана халықаралық форумының мақсат-міндетін сараптасақ, бұл жолғы мәжіліс те нақты даму жоспарына бағытталатын байқау қиын емес.
Алдымен саяси астардан бастайық. Еліміз әлемдік аренада «Орта держава» позициясында көрінуге бейіл. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған «айдар» әлемдік беделге, халықаралық қатынас пен экономикалық қуатқа қатысты айқындалатынын айтқан болатын. Тіпті, 2023 жылы Астана халықаралық форумында (AIF-2023) «Орта державалардың» салмағы болу керегін қайталады.
Міне, екі жылда «Орта держава» атану идеясы академиялық терминнен саяси шындыққа айналып үлгерді. Өткен жылы Германияның халықаралық қатынастар және қауіпсіздік институты алғаш рет Қазақстанды әлемнің орта державаларының санатына қосып, Астана ғаламдық мәселелерді талқылау алаңына айналуда. Сондықтан кезекті Астана халықаралық форумы – Қазақстан үшін саяси салмағын көрсету, сол арқылы жан-жақты тиімді келісімдерге қол жеткізу мүмкіндігі.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Әлішер Тастеновтің айтуынша, тұрақсыздық жайлаған кезеңде іскерлік алаң ұсынудың мәні жоғары. Әсіресе форум коммуникациялық, инновациялық дағдымызды бағамдауға мүмкіндік бермек.

– Халықаралық қатынастың дәстүрлі форматы тұралаған шақта жаһандық ойыншыларға жаңа көзқарас, ашық диалог, пікір алмасу алаңы керек. Бұл тұрғыда Астана халықаралық форумы сарапшылық консенсусты қалыптастыруға және конструктивті ұстанымдарды ілгерілетуге көмегі көп.
Мұнда саяси трендтер қалыптасады, ортақ бастамалар пайда болады, ұйымдар арасында, тіпті еларалық байланыс нығая түседі. Инновациялардың, шешімдер мен идеялардың жүзеге асуы жеңілдейді. Яғни, форум тек коммуникациялық шешім емес, сонымен қатар акселерациялық міндетті қоса атқарады, – деді сарапшы.
Форумға кім келді?
Әзірге белгілісі, AIF-ке мемлекет басшылары, 20-дан астам халықаралық ұйым жетекшісі мен 60-тан астам шетелдік компания өкілдері қатысады. Лауазымды тұлғалар қатарында Руанда президенті Поль Кагаме, Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давкова, Албания премьер-министрі Эди Рама, Хорватия премьер-министрі Андрей Пленкович бар. Халықаралық ұйымдардан БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы әрі Green Global Growth Institute мен Boao Forum for Asia төрағасы Пан Ги Мун, Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Ален Берсе, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюй назарға ілікті. Мұнан өзге Халықаралық көші-қон ұйымы, ЭЫДҰ, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы, БҰҰ Даму бағдарламасы, Түркі мемлекеттері ұйымдарының басшылары бой көрсетпек.

Жалпы шараға бас-аяғы 5 мың адам қатысатын болады. Қазір бас қаладағы туристік және қызмет көрсету саласы қарқынды жұмыс істеуде. Шетелдік меймандар қаладағы 40-қа жуық қонақүйде тұрақтаған. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, мұндай ағын экономикаға 2,6 миллиард теңгеден астам табыс әкелуі мүмкін.
Геостратегия: сенім мен жол іздеу
Форумда негізгі үш тақырып қамтылады: «Энергетика және климаттың өзгеруі»; «Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік»; «Экономика және қаржы». Ұйымдастырушылар 39 панельдік сессия, оның ішінде 10 эксклюзивті сессия жоғары дәрежелі қонақтар және әлемдік көшбасшылардың қатысуымен өтеді деп отыр.
Екі күнге созылатын кеңестің қызықты тұсы саясаттан басталатыны түсінікті. Геосаяси шиеленіс, өңірлік интеграция, қарым-қатынас моделі турасында біршама озық ойды еститін секілдіміз. Олай дейтініміз, қонақтар құр келмей, тұжырым-танымын ортаға салатын болады. Мәселен, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун – өңірлік ынтымақтастық пен тұрақты даму туралы, Мюнхен қауіпсіздік конференциясының төрағасы Хойсген – жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыру мәселесі туралы сөз сөйлейді. Bloomberg-тің бұрынғы журналисі Шарлотта Кан мен Financial Times халықаралық шолушысы Тони Барбер, CNN International арнасының тәжірибелі тілшісі Макс Фостердің ойын естиміз.

«Мен осы мамырда Астанаға арнайы келіп, форумға қатысатыныма қуаныштымын. Бұл – мемлекеттер мен ұйымдар көшбасшыларының тәжірибе алмасып, өңірлік интеграция мен тұрақты дамуға қатысты нақты шешімдер қабылдайтын маңызды диалог алаңы. Барша мүдделі тараптарды Орталық Азияның зор әлеуетін бірігіп ашуға шақырамын», – деген болатын Пан Ги Мун.
Расында, AIF көз үйренген көпшілік іс-шара деңгейінен асып, ғаламдық мәселелердің практикалық шешімін ұсынатын орынға айналады. Халықаралық қауіпсіздік пен медиа сарапшылардың елордаға табан тіреуінің бір себебі де – осы, яғни жаһандағы қауіп-қатердің жолын іздеу. Әрісі Таяу Шығыстағы қақтығыс, берісі көршілес елдегі әскери іс-қимыл геосаяси жүйеге әділ баға беруді талап етуде. Тек бағалап қоймай, елдердің бейбітшілікті сақтау амалын, құқын нақтылау өзекті екені анық. Мюнхен қауіпсіздік конференциясының төрағасы Хойсгеннің AIF туралы: «Біз билік балансының өзгеріп жатқан кезеңін бастан кешіп отырмыз. Форум жаңа әлемдік тәртіптің ортақ нормаларға негізделуін қамтамасыз ету жолдарын қарастыруы тиіс», деген пікірі осы ұстанымнан туса керек.
Климат: болжанған байлам мен келешек кедергі
Халықаралық қай жиын болсын, климатты назардан тастамайтын кезеңге келдік. Астана халықаралық форумында да экология проблемаларына қатысты болжамдар болады деген үміт басым. Бұған дейін ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловтың бұл бағыттағы ортақ тақырып әлемдік және өңірлік көрсеткіштер арқылы таңдалғанын айтқан еді. Соның ішінде климат өзгерісі, құрғақшылық жайын инвестициямен сабақтастыру міндеті тұр.
– Су тапшылығы, жер құнарсыздығы мен шөлейттенуден зардап шегіп отырған елдер бар. Біз осы секторға көбірек инвестор тартуды жоспарлап отырмыз. Жерді экономикалық тұрғыдан тиімді әрі дұрыс пайдалануға ұмтыламыз. Көлік және логистикалық мүмкіндігіне көбірек көңіл бөлу жоспары бар, – дейді ол.
Сарапшы Әлішер Тастенов ортақ талқының бірі Орталық Азиядағы экологиялық келеңсіздікке арналатынына сенімді. Себебі аймақтағы климаттық өзгеріс инвестиция көлемін арттыруды талап етіп отыр. Мәселе шешілмесе, денсаулық сақтау, азық-түлік қауіпсіздігі күн тәртібіне көтерілетін күн жақын.
– Қиыны сол, аймақтағы су ресурсының 70 пайызы трансшекаралық өзендерге тиесілі. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) мәліметіне сәйкес, Орталық Азия елдері әлемдегі суды көп тұтынатын мемлекеттердің ондығына кіреді.Дүниежүзілік банк болса 2050 жылға қарай Орталық Азия халық саны 90-100 млн адамға дейін өседі деп болжап отыр. Бұл ретте су тапшылығы 25-30 пайызға ұлғаюы ғажап емес. Ал 2030 жылы суармалы егіншілік саласында су тапшылығы 30 пайызға жетуі мүмкін, – деп алаңдады спикер.

Сарапшының пікірінше, AIF аясында алдағы қиындықты еңсеруге мүмкіндік бар. Ол үшін Орталық Азия су ресурстарын стратегиялық басқару туралы ортақ ұстанымға келуі шарт. Форум аясында елдер бір-бірінің суды үнемдеу технологиясымен танысуы мәселеге жаңа қыранан қарауға жол ашады. Бұл міндеттеу емес, керісінше өзара құрмет пен екіжақты тиімді жағдайда жүзеге асуы шарт.
– Ең алдымен, «ақылды суару», су үнемдеу технологиясы мен гидрологиялық мониторинг жүйесіндегі әлемдік тәжірибелерді талдау қажет. Бүгінгі таңда Қазақстанда 2024-2030 жылдарға арналған ҚР су ресурстарын басқару тұжырымдамасы әзірленді. Бастама суармалы ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемін 2,2 млн гектарға дейін ұлғайтуға, су үнемдеу технологиясының үлесін 40 пайызға дейін жеткізуге, тасымалдау кезінде суармалы судың шығынын 15 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Ал 2024-2030 жылдарға арналған ҚР су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары 41 елді мекенді сумен қамтамасыз етуге арналмақ. Тұтастай алғанда аталған қадамдар шекаралас елдердегі су ресурсына тәуелділікті 25 пайыз төмендетеді, – деді Әлішер Тастенов.
Экономика: инвестициялық иірім, инновация
Бүгінде еларалық ынтымақтастық ұғымы өзара жылы сөз, жазамды пікірмен өлшенетін кезден кетті. Екіжақты капитал айналымын ұлғайтып, технологиялық игіліктерді бөліспесе, бірлесе қадам басу қиынның қиыны. Форумдағы үш тұғыр – үш тақырыптың бірі экономика мен қаржыға арналуы осы тепе-теңдік туын шықпау үшін қосылғандай.
Демек, Астанадағы форумда бұлжымас формула бар: алдымен дипломатиялық қатынас, кейіннен ортақ мәселелерді шешуге талпыныс, соңғы қадам бәріне тиімді экономикалық келісімдерге бастаумен түйінделуі қажет. Әрине, әрбірі жеке мақсат ретінде өміршең, алайда үш бағдарды біріктіру көпвекторлы дамуға мүмкіндік береді. Оған қоса мәртебелі меймандардың маңызды құрамы күнде жинала бермейді емес пе...
Сонымен бұл форумнан қандай экономикалық оңтайлы келісім орнауы мүмкін? Ол үшін Kazakh Invest ұлттық компаниясына үңілу жеткілікті. Мысалы, 2023 жылғы өткен AIF-тен кейін Kazakh Invest арқылы келісілген инвестициялық жобалар саны 17 пайыз өскен. Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка құрлығымен экспорт-импорттық артты. Шикізат, IT кластерлері, энергетика, логистика саласында айтарлықтай ілгерілеу байқалады.
Жыл сайын форумға қатысатын шетелдік компания саны артқан сайын күтетін нәтиже жоғары болмақ. Биыл елге келетін шетелдік компаниялар да бірінің нарығын біріне таныстырып, Қазақстан үшін де инвестиция есігін ашатыны күмәнсіз. 60-тан астам шетелдік компания кемінде 10 инвестицияға арқау болса, аз емес.
Үкімет қолда барды көрсетіп, келген өкілдердің көмегімен келісімнің шетін шығаруға ықыласты. Оған қоса, инвесторларды қабылдау «келді-кетті» деген аты үшін емес, тәжірибе тұрғысынан да маңызды. Алпауыттардан жоқ дегенде ғаламдық инвестиция стандарттын үйреніп, ішкі жүйені бейімдеуге мүмкіндік бар. Содан болар, қазір елдің экспорттық стратегиясы өзгерген, бұрын Еуропа елдеріне байланған болсақ, қазір қазақ тауары саудаланатын аймақ көбейді.
P.S. Астана халықаралық форумынан күтеріміз көп. Саяси дағдарыстарға қосылатын үн, экономикаға түсетін табыс, экологияға деген ортақ ұмтылыс маңызды болмақ.