Air Astana жазғы навигацияға көшті: жаңа бағыттар мен қосымша рейстер

АСТАНА. KAZINFORM — Air Astana әуекомпаниясы 29 наурыз бен 24 қазан аралығында жалғасатын жазғы навигацияға көшті. Бұл уақытта рейстер жиілігі артып, жаңа бағыттар ашылып, маусымдық рейстер қайта жанданады. Бұл туралы әуе компаниясының баспасөз қызметі мәлім етті. 

air astana
Фото: Солтан Жексембаев/ Kazinform

Ұшу бағдарламасы кеңейеді

  • Астана мен Алматыдан Бейжің, Ыстанбұл және Анталья бағыттарына ұшатын рейстер жиілігі біртіндеп артады.
  • Мамыр айынан бастап Астанадан Франкфуртқа күнде ұшады.
  • Алматыдан Үрімші, Тбилиси және Ташкентке ұшатын рейс көбейеді.

Жаңа халықаралық бағыттар ашылады

  • Шанхай – 29 наурыздан бастап Алматыдан аптасына үш рет (сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері) Airbus A321LR ұшағы ұшады.
  • Гуанчжоу – 2 маусымнан бастап Астанадан аптасына екі рейс (сейсенбі және бейсенбі) болады. 
  • Ларнака (Кипр) – 2 маусымнан бастап Астанадан, ал 4 маусымнан бастап Алматыдан Airbus A321LR ұшағымен орындалатын рейстер ашылады.

Маусымдық бағыттар

  • Алматы мен Астанадан Нячанг және Данангқа (Вьетнам) ұшатын рейстер қайта жанданады.
  • Тбилиси мен Батуми (Грузия) – Алматы мен Астанадан ұшатын, сондай-ақ Атыраудан Тбилисиге ұшатын рейстер қайта ашылады.
  • Подгорица (Черногория) – Алматы мен Астанадан ұшатын рейстер.
  • Бодрум (Түркия) – Алматы мен Астанадан ұшатын рейстер.
  • Мале (Мальдив аралдары) – Алматыдан маусымдық бағыт мамыр айының соңына дейін ұзартылды.

Билеттерді әуекомпанияның ресми сайтынан немесе Air Astana қолданбасынан алуға болады.

Қазақстан азаматтары Қытай, Вьетнам, Түркия, Грузия, Өзбекстан және Мальдив аралдарына визасыз кіре алады.

Айта кетейік, «Uzbekistan Airways» әуе компаниясы биылғы жылдың 29 наурызынан бастап Ташкент — Атырау бағыты бойынша жаңа әуе қатынасын ашады.