Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Airbus Франциядан Аустралияға 22 сағаттық тоқтаусыз рейсті сынақтан өткізбек

АСТАНА. KAZINFORM – Airbus компаниясы 24 шілдеде жылдағы ең ауқымды сынақ сапарларының бірін өткізеді. Жаңа Airbus A350-1000ULR ұшағы Франциядан Аустралияға шамамен 22 сағат бойы жерге қонбай ұшып өтпек, деп хабарлайды Bild.

Airbus Франциядан Аустралияға 22 сағаттық тоқтаусыз рейсті сынақтан өткізбек
Фото: Airbus

Airbus өкілдерінің Executive Traveller порталына мәлімдеуінше, жаңа Airbus A350-1000ULR ұшағы Тулуза қаласынан Мельбурнға дейін аялдамасыз ұшады. Ұзындығы шамамен 17 мың шақырым болатын және 22 сағатқа созылатын бағыт Qantas әуе компаниясының «Таңсәрі» (Project Sunrise) деп аталатын көп миллиардтық жобасы үшін маңызды сынақ болмақ.

Бұл сынақ коммерциялық жолаушылар ұшағының аралық қонбай тәулікке жуық уақыт бойы әуеде бола алатынын көрсетуі тиіс. Qantas бұл жобаны 2017 жылдан бері жүзеге асыруды көздеп келеді.

Компания Аустралиядан Еуропа мен Солтүстік Америкаға жанармай құюсыз, аялдамасыз және қайта отырмай тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр. Егер жоба сәтті жүзеге асса, келесі жылдың қазан айынан бастап жолаушылар алғаш рет Сиднейден Лондонға және Нью-Йоркке тоқтаусыз ұша алады.

Мұндай рейстерді орындау үшін тапсырыс берілген A350-1000ULR ұшақтарына бірқатар маңызды өзгеріс енгізіледі. Ұшақтың құйрық бөлігіне сыйымдылығы 20 мың литр болатын қосымша жанармай багы орнатылады. Сонымен қатар жанармай жүйесі мен борттағы асүйдің салқындату жүйесі жаңғыртылады.

A350 ұшағының жаңа модификациясы пайдалануға берілмес бұрын Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің сертификаттау рәсімінен өтуі қажет.

Еске сала кетсек, Air Astana ұшақтарында интернет қашан пайда болатынын жаздық.

Ал Бішкектегі ұшақ апатына байланысты әуе компаниясы лицензиясынан айырылды.