АИТВ инфекциясының қарқынды таралуы ең алдымен ішкі және сыртқы миграцияға байланысты болып отыр - Ерік Мусин
АСТАНА. 19 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін 19 мамыр бүкіл әлемде Жұқтырылған иммун тапшылығының синдромынан (ЖИТС-СПИД) көз жұмғандарды еске алудың халықаралық күні аталып өтілуде. Мамыр айының үшінші жексенбісіне белгіленген осы жыл сайынғы атаулы күн ағымдағы жылы 30-ыншы рет өткізілмек. Биылғы шараның ұраны - «Тілектестік белгісі ретінде», ал мақсаты Адам иммун тапшылығының вирусын (АИТВ-ВИЧ) жұқтырған азаматтарға қоғамның толерантты қарым-қатынасын қалыптастыру болып табылады. Осыған орай, Астана қаласындағы "ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы" мекемесінің бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Ерік Мусинмен сұхбаттасқан едік.
- Ерік Мазанұлы, әңгіме басында ЖИТС-тен көз жұмғандарды еске алудың халықаралық күні туралы айтып өтсеңіз? АИТВ/ЖИТС дертіне қатысты Астанадағы ахуалға да тоқталсаңыз?
- ЖИТС құрбандарын еске алудың халықаралық күні алғаш рет 1983 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында атап өтілген болатын. Мәліметтерге қарағанда сол уақыттан бері ғасыр эпидемиясы әлемде 300 млн.-нан астам адамның өмірін қиған. Күн сайын әлемде ЖИТС-тен 5500 адам көз жұмады екен. Өткен ғасырда бұл дерт өлімге алып келетін кесел болып саналды, бүгін АИТВ инфекциясы дауасы жоқ созылмалы ауру ретінде айтылады. Бұл тәжірибеге науқастың өмір сүруін ондаған жылдарға ұзартатын және кері әсерлері анағұрлым аз антиретровирустық терапияның, жаңа емдік препараттардың енгізілуімен байланысты.
Ал қаламыздағы жағдайға келсек, ағымдағы жылдың өткен төрт айында Астанада АИТВ инфекциясын жұқтырудың жаңадан 45 оқиғасы тіркелді. Соны қоса алғанда, бүгінгі күні Астанада мұндай инфекцияға шалдығудың барлығы 627 оқиғасы анықталып отыр. 100 мың адамға шаққанда көрсеткіш 82,4-ті құрайды. Оның ішінде 332 адам немесе ауруға шалдыққандардың 52,9 пайызы вирусты жыныстық жолмен жұқтырғандар, ал 253-і немесе 40,4 пайызы - есірткі қолданушылар, 0,3 пайызы - инфекцияға шалдыққан аналар дүниеге әкелген балалар болып отыр. Дегенмен 6,4 пайыз жағдай бойынша бізге індеттің берілу жолын анықтау мүмкін болмады. Сонымен бірге осы уақытқа дейін 14 жасқа дейінгі балалар арасында АИТВ-ны жұқтырудың бес оқиғасы тіркелді. Бүгінгі күні Астанада ЖИТС диагнозымен үш адам өмір сүреді. Жалпы елордада ЖИТС-тен қайтыс болғандардың саны 14 адамды құрайды. Олардың дені - 30 жасқа толмаған жастар.
- Соңғы уақытта АИТВ-ның таралу белсенділігі артып отырған секілді. Жұқпаның бұлайша қарқынды таралу себебін қалай түсіндірер едіңіз?
- АИТВ инфекциясының қарқынды түрде таралуының бірқатар себептері бар. Дегенмен ең алдымен ішкі және сыртқы миграцияға, соның ішінде жыныстық қатынас қызметтерін ұсынатын тұлғалардың көші-қонына байланысты таралу жолын ерекше бөліп айтқым келеді. Жалпы, қалаға сырттан келетіндер тұрғылықты жері бойынша тіркелмейтінін, соған орай оларға медициналық қызметтер де, дертті алдын алуға қатысты ұйымдастырылатын бағдарламалар да жете бермейтінін, яғни олар халықтың осал қорғалған топтарына жататынын ескеру керек. Шындығын айтайық, жыныстық қатынас пен инъекцияның қауіпті формасын өмір салтына айналдырып қана қоймай, қабылдаушы елдер үшін таралатын қатерлі вирустың көзі болып, жұқтыру қаупін шапшаңдататын да мигранттар болып отыр. Мұнымен қоса, Астана жұртшылығының жыныстық қатынасқа қатысты сауаттылықтың төмендігін, тұрғындардың АИТВ/ЖИТС жайында аз ақпараттандырылуын да айтуға болады. Бұл елорда халқының ғана емес, жалпы еліміздің басқа өңірлеріне де тән мәселе деп ойлаймын.
- Індеттің көзі мигранттар деп айтып қалдыңыз. Ендеше, неге олар үшін елге кіру шарттарының бірі ретінде міндетті медициналық тексеруден өтуді енгізбеске?
- Дұрыс айтасыз. Бүгінгі күні Қазақстанда елімізге тұрақты тұру үшін келетін шетелдік азаматтар ғана АИТВ-ға қатысты міндетті тексерістен өтеді. Сол үшін біздің орталық тоқсан сайын Астанаға тұрақты тұруға келген тұлғаларды АИТВ жұқпасына тексеру бойынша Көші-қон полициясы басқармасымен ақпарат алмасып отырады. Ал еліміздің аумағында 90 күн бойы жүруге рұқсат берілген уақытша келген мигранттарды, оның ішінде еңбек мигранттарын АИТВ-ға тексеруден өткізу қарастырылмаған. Дегенмен шетелдіктердің Қазақстанда болуға қатысты мерзімі аяқталғаннан кейін көші-қон полициясы мұндай тұлғаларды анықтап, АИТВ-ға тестілеу үшін ЖИТС орталығына бағыттауы керек. Мұнда кездесетін тағы бір кілтипан бар. ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 30 қыркүйегіндегі және 2011 жылдың 2 сәуіріндегі қаулыларына сәйкес, жұмыс берушіге еңбек етушінің АИТВ бойынша анықтамасын ұсынбастан, 1 жылға дейін шетелдік жұмыс күшін Қазақстан Республикасына тартуға рұқсат берілген. Ал бұлардың барлығын былай ысырып қойғанда, еліміздің шекарасын заңсыз кесіп өтіп, көші-қон полициясына тіркелместен, қоғаммен араласып жүрген мигранттардың саны қаншама? Осындай олқылықтарды ескерсек, Астанадағы ЖИТС орталығы өз бетімен мұндайларға қарсы әрекет ете алмайтынын да аңғарасыз.
- Дегенмен мигранттар жұқпалы инфекцияны өздерімен алып келіп жатыр дегіңіз келе ме? Әлде бейберекет өмір сүру арқылы бізде одан сайын өршітіп жатыр ма?
- Статистикаға жүгінсек, шетелдіктер арасында анықталған АИТВ-ға шалдығу жағдайларының 80 пайызға жуығы инфекцияны Қазақстан аумағына келмей тұрып-ақ жұқтырған. Яғни басым жағдайда олардың ауруға шалдыққандарының көпшілігі АИТВ-ны елімізге «алып кіргендер» болып есептеледі. Дертке шалдыққандардың дені - жалдамалы жұмысшылар, құрылысшылар, жыныстық қатынас қызметтерін ұсынушылар мен кішігірім бизнеспен айналысатын тұлғалар.
- Егер шетел азаматында вирус анықталып жатса, мемлекет оған қандай шара қолдана алады?
- Заңнамаға сәйкес, оралмандар АИТВ-ға медициналық тексеруден анонимді және жасырын түрде тегін өтуге құқылы. Сол секілді еліміздің аумағында дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитетке ие шетел мемлекеттерінің дипломатиялық және консулдық мекемелерінің қызметкерлері, сол деңгейдегі өзге де тұлғалар АИТВ-ға тексеруден тек сондай тұлғалардың келісімімен ғана өтеді. Дегенмен оларды тексеруден өткізу туралы ұсынысты құзырлы орган - Сыртқы істер министрлігімен келіседі. Айта кетейін, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, Қазақстан аумағында жүріп АИТВ-ға тексеруден өтуге бас тартқан шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалар елден аластатылады. АИТВ дерті анықталған жағдайда, ондай шетелдік азаматтарды Қазақстаннан шығарумен көші-қон полициясы айналысады.
- АИТВ-ға шалдыққан адам қанша жыл өмір сүре алады? Сонымен қатар, сырқаттарды емдеу Қазақстанда тегін жүзеге асырылады ма?
- Емдік шараларды уақытылы бастағанда, дәрігердің ңұсқамаларын бұлжытпай орындағанда, сондай-ақ зиянды дағдылардан арылып, өмір сүру сапасын арттырған жағдайда АИТВ дертімен де биологиялық қарттық жасқа дейін өмір сүруге болады. Ең бастысы, азаматтың өзіне сенімі, күш-жігері болуы керек. Ал АИТВ-ға шалдыққандарды емдеуге келсек, антиретровирустық терапия мен ВИЧ инфекциясының соңғы сатысында қозуы мүмкін сырқаттықтың алдын алу шаралары мемлекетпен қамтамасыз етіледі және мұның шығыны республикалық бюджеттен қаржыландырылады. 2012 жылы Қазақстанда бір науқасқа жұмсалатын антиретровирустық емнің бір сызбасы бойынша - 160 803 теңге, екі сызбасы бойынша 362 173 теңге жұмсалды.