Ақ моншақтай үзілген бір түйір жас

АСТАНА. ҚазАқпарат - Есіміз кіріп тәй-тәй басып жүре бастағаннан мен қатарлы ұрпақтың көргеніміз ауыл қыз-келіншектерімен әжелердің еңірегенде көз жасы,көкірегінен шыққан жан күйзелісі. Бұл ҚР Журналистер одағының мүшесі Роза Жүнісованың Ұлы Отан соғысындағы ел басына түскен ауыр кезеңінен естелігі.
None
None

«Алыс сапарға аттандырған ұлынан келіп жатқан кара қағаз талай аналарды күйретіп кетті. Тым ерте есейдік пе, кім білсін, біздің де балалық шағымыздағы мұңды кезең жүрегімізде жазылмас із қалдырды. Бәрін көріп өстік, көкірегімізге түйіп өстік»,- деп жазады бұдан әрі Роза Нұрмаққызы. Оқырмандарымыздың назарына осы естелікті ұсынамыз.

***

Соғыс басталардан бір күн бұрын екі жас Кәрібай мен Зейнелдің үйлену тойын дүрілдетіп өткізген көз көрген қызылтулықтардың әлі есінде.Той иелерінің шаңырағы ортасына түсетінін қайдан білсін,шымылдығы ашылмаған қалыңдық бір жылдан кейін қара жамылды. Кәрібайдан қара қағаз келіп алғашқы суық хабарға қызылту боп еңіредік, - деп айтып отыратын әжем Балия. Отау тігіп, шаңырақ көтереміз, - деген сүйген екі жастың армандары бір қағым сәтте ойран-топан болғаны елдің қабырғасын қайыстырды. Зейнел тәтем жылай-жылай көзден ғаріп болып, тұрмыс та құрмай өмірден озды. Ел ақсақалдары Зейнелді арулап алыс сапарға аттандырғанын көзіміз көріп, бала болсақ та үлкендермен біз де сұлу әпкеміздің жарына деген сүйіспеншілігін, махаббатының алдында тазалығын тек сұмырай соғыстың құрбаны болғанын сездік. Бұл мыңдаған шаңырақтың ортасына түскенінің бірі еді.

Соғысқа біздің әулетімізден әкем Нұрмақ Жүнісовтың үш інісі Аймағанбет, Әсен Жүнісовтер, Қабыл Қасенов және балдызы, анам Мағрипаның інісі Наурызбай Мұхаметалин де әскер қатарына соғыстың алдыңғы жылдарында алыныпты. Бәрі де Көкшетаудың Қызылтуынан аттанған.

Аймағанбет ағатайымнан біраз уақыт хат-хабар келіп тұрған, жазғандарына қарағанда Сталинград түбінде шайқасқан, Днепр өзенін қорғауда қаза тапқанға ұқсайды. Соңғы хатында ''қанға бөккен, өліп жатқан жауынгерлерден аяғы алып жүргісіз, екі жерден жараландым, жанымдағы жолдастарымнан жаным артық емес, өліспей беріспейміз, от жалынға оралған қаланы қайтсек те қорғаймыз, Отан үшін жан пида'', - деген хаттан кейін хабар болмаған. Белгілі француз тарихшысы А.Верд : Қызыл армияның табанды жауынгерлерінің көбі қазақтар еді. Соғыстың басында қазақтар өздерін ең жақсы жағынан көрсетті. Сталинградта үздік жауынгерлер қатарында қазақтар болды, - деп біздің ата-бабаларымыздың мерейін, батырлығын одан сайын аспандатты. Соның бірі менің ағатайым Аймағанбет те өлімнен қорықпай ел үшін қаза тапқанның бірі.

Соғыстан бұрын Аймағанбет ағатайым, сыпайы, биязы артық сөзі жоқ, көзінен адамға деген жылылық сезіліп тұратын Әлима апатайыммен көңіл қосыпты. Апатайымның соңынан жеті-сегіз жаста еріп келген Қазтайды өгейсімен бауырына басқан ағатайымды туған әкесіндей көрген. Анасының қалауымен баланың фамилиясын Жүнісов атына түсірген. Орнында қалған оңалар, демекші, Қазтайды әке орнындағы үлкен аға ретінде сыйласып келеміз. Қазтай ағатайыммен Шәйзат жеңгемізден тараған жеті-сегіз баланың бәрі Жүнісовтер. Әлима апатайымның тұңғыш немересі Ермекті анам Мағрипаның батасын алып үйлендірді. Осылай жалғасып жатқан отбасымыздың ойын-тойы, алыс-берісіміз Аймағанбет пен Әлиманың арқасы. Бұған да шүкіршілік!

Әсен ағатайым ''Украина жеріндегі майдан шебінен өтіп барамыз'', - деген хаттар келіп тұрған. Құдайға тәубешілігін айтып, әйтеуір аман-сау бір жерінен кем болып келсе де, құлыным елге аман оралса арманым жоқ, балаларымның алдында құрбан болайын, - деп зар илеген Балия әжемнің қолына төртбұрышты хатты әкелген пошташы да, өзін кінәлағандай есіктен басын сұғып ілгері жылжымай қатып қалды. Ақ кимешегінің омырауын көз жасымен жуған әженің бүйірін таянып, Аллаға не жаздым, екі баламнан айырып, - деген ащы, зарлы дауысына шыдамай Сәкен ағам мені жетектеп далаға шығып, көз жасын мөлтілдеткен ағаммен мен де қоса жыладым. Бір жаманшылық болғанын бала жүрегі сезді.

Ойы ұшқыр, көңілі кең, сабаққа алғыр, зирек, өзінен гөрі өзгені ойлайтын, Қабыл Қасенов он жеті жасында Қызылту ауданындағы Кішкенекөл орта мектебінің үздік оқушысы атанып қоймай, өзімен қатарлас құрбы-құрдастарына математика, орыс тілі,тарих, қазақ әдебиетіне дәріс берген, одан қалды ақындық қабілеті сол кезден-ақ байқалған. Соғысқа бірге аттанып, еліне аман оралған Жүніс Біләлов ағай, қызылтулық достары, өзіне сабақ берген мұғалімі Сабыр Мәліков ақындығын сөз еткенде, әттең, тірі болса, талайларды шаңына жұқтырмас мықты ақынның бірі болар еді. Шіркін, қыршынынан қиылған боздақтардың бірі, не істерсің зұлым соғысқа, дегенде, көздеріне жас үйірілетін. Қабылдың соғысқа дейін "Өлім мен өмір" поэмасын, жан-жарынан айырылған жас келіншектер, баласынан айырылған аналар, көшіріп аламыз деп қолдан қолға кеткен латын әріптерімен жазылған қоңыр дәптер үштіғайым жоғалды. Қаншама іздестіргенмен табылмаған қоңыр дәптер Қабыл мұрасына жасалған қиянат еді.

Соғыстан бұрын Қабыл қыс бойы үйде отырмайтын көрінеді. Қызылтудың қара суық аязына қарамай үстіне ақ жамылғы жауып, ақшақардың үстінде отырып, кетіп бара жатқан қоян-түлкіні шолақ мылтығымен мүрт жібермейді екен. Қолындағы олжасын әкелген күйде тұрмысы төмен отбасыларына таратып батасын алушы еді, кім білсін, сол қояндардың қарғысы ма, Қабылымның соғыстан оралмағаны, - деп көз жасын тия алмайтын анам. Жалпы Қабыл ағатай мергендігімен ауыл аймаққа сол кезде-ақ ауызға іліккен. Алпысыншы жылдары Қабыл ағатайыммен бірге аттанған қызылтулық капитан Михаил Бухонконы іздеп бардым:

- Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақстандықтардан құрылған 312-316 атқыштар дивизиясы ең қатерлі бағытқа орналасты. Бөлімшенің көбі қазақстандықтардан құрылған-ды. Осы шайқаста алдыңғы қатарда атқыштар мергендерді қойды. Соның бірінде Қабылдың болғанын көрдім, үстінде ақ тоны бар Қабыл менімен құшақтасып (бір жерденбіз ғой, іш тартатынбыз), менен бұрын елге жетсең, сәлем айт, апатайымды сағындым, - деп көзіне жас алды, апатайым менің анам - Мағрипа. Михаил сол шайқаста жараланып елге қайтқан.

Оқырмандарым, егер Әсен, Аймағанбет Жүнісовтер және Қабыл Қасеновты суреттер арқылы танитын шырамытқан жандар болса, менімен хабарласуларыңызды өтінемін(Автор).

Күні-түні жылаудан көз ашпайтын әжем Күніштің қас-қабағына қарап, майданға кеткен Наурызбай нағашымның аман-есен оралуын әжемнен кем тілемеген шығармын. Жүзінде жылылық азайған, жүрегін мұң басқан әжені төрт жастағы сәби несімен қуантып, несімен жұбатсын?

Күлбан апамның әкеліп берген шұбар табақшаларына нанның қиқымын салып той жасаймын.

- Апа, апа (әжемді осылай атаймын) қарашы, айропланнан әйем (нағашым) түсіп жатыр. Қазір той басталады. Апам да құлындап, ой, сәбиім, айтқаның Алланың құлағына шалынсын, саған періште айтқызып тұрған шығар, майқұйрық бол деп, шөпілдетіп көзінің жасын сығып алатын. Күндегі ойынымның түрі. Ананың Алладан еңіреп жүріп тілеген тілегі ме, әлде пәк сәбидің шын жүрегінен ырымдағаны ма, әлде табақшасындағы нанның киесі ме?...

Хабарсыз кеткен Наурызбай нағашым Балтық жағалауындағы қырғын шайқаста басынан ауыр жарақат алған. Бір сантиметрдей ми сүйегіне жетпей қалған оқты хирург дәрігердің ептілікпен жасаған отасының арқасында жарты жылдай госпитальда емделіп елге оралды. Оқ тескен шекесіндегі ойыққа сұқ саусағымды кіргізіп ойнайтынмын, шіркін, балалық. Жылап жүріп баласының амандығын тілеген Күніш әжем Наурызбай Мұхаметәлі ұлынан бес-алты немере сүйіп өмірден озды.

Ел тұрмысының құлдырап кетпеуіне қырағылықпен басшылық жасап, халыққа қамқоршы болатын, қолынан іс келетін коммунист азаматтар соғысқа жіберілмей тылда қалды. Саясат сондай еді. Солардың бірі менің әкем - Нұрмақ Жүнісов болатын. Өзінен қалған деректі қағаздарды қарап отырсам, сол кезде Қызылту ауданының оқу бөлімін басқарған. (Әкем туралы ілгеріде толық әңгіме қозғармын - автор).

Әкем Нұрмақ Қызылтудан шалғай ауыл-аймақтардағы бастауыш, жеті жылдық мектептердің жабылып қалмауын, отын-суымен қамтамасыз ету жүгі, әкесіз жетім-жесір балалардың аш-жалаңаш, мектепке тартылмай сауатсыз болмауын қадағалау, әйтеуір ұшан-теңіз жұмыстың басы-қасында жүретін әкемді үйде сирек көретінмін. Халықтың жағдай-тұрмысын өзінен, өзінің отбасынан кем көрмейтін қабағы қатыңқы, іші жалын, түсі суық Нұрмақ, Отан соғысында қыршын кеткен үш інілерінің қайғысын елімен бірге көтере білді. Ер азаматтың басына түскен ауыр жүк еңсесін түсірмеді. Нұрмақтың еңбегін бағалаған құрбы-құрдастары, көзкөргендер, шіркін, Нұрекеңнің қайсар қайраттылығының арқасында сауатсыздықтың қамытын арқаламай, мектеп бітірдік. Қиыншылықтан алып шыққан Нұрекеге алғысымыз шексіз дегенде, Нұрмақтың үлкенді-кішілі балалары марқайып қалатынбыз.

Соғыс жылдарында ауыртпалықтардың көбі жергілікті басшылық орындарындағы қызметкер әйелдерге түсті. Менің анам Мұхаметәліқызы Мағрипа мен Тұрсынқожақызы Фатиха Қызылту аудандық атқару комитетінің насихат бөлімінде соғыс аяқталғанша қызмет етті. Анам мен Фатиха тәтеміз майданға кеткен балаларының соңынан аңыраған аналар мен жар құшағынан айырылған әйелдердің қам көңілін сергітіп жұбаныш болар, намыс-жігерін қамшылар ақыл-кеңес, үгіт-насихатпен қысы-жазы ауыл-ауылды аралап, елмен бірге болды. Елде қалған шал-кемпір, қатын-қалаш та бір кісідей жұмылып «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін" деп, тыным таппай күні-түні жұмыс істеді. "Әйелдер майдангерлердің орнын басайық" деген үгіт-насихат, бойларында қажыр-қайраты бар әйелдер үй тіршілігімен қатар, дала жұмысына жегілді. Көктем шыға соқамен жер жыртып, егін егілді, күзде шыққан егінді бірде-бір масағын қалдырмай шашаусыз жинау, қарттармен бірге шөп шауып, қысқы мал азығын жауын-шашынға қалдырмай уақытылы жинастыру науқанында, анам Мағрипа мен Фатиха тәтеміз үйдегі бала-шағаны айлап көрмей елдің ортасында халықпен күн кешті. Анам Мағрипа сәл қолы босаған тұстарында қазақтың халық әндері «Сұржекей», «Қанатталды», «Аққұм», «Маңмаңгер», «Қыз Жібектің ариясын» нақышына келтіріп, отырған көпшіліктің бойын сергітіп, ойын серпіп, жүздеріне жылылық ұялаған жандардың ризашылығына бөленген анамды мен де мақтаныш етемін.

Күндізгі ауыр жұмыстан кейін түн бойы білте шамның жарығымен Дәметкен, Сұлу, Мүгілсім, Марфуға, Шәрбан, Нұржиян "Бәрі майданға" үндеуімен, жауынгерлерге биялай-қолғап, шұлық тоқып, теріден тон, құлақшын тігетін. Алыстағы бауырларын, жарын көз жастарымен бұлай отырып, сағыныштарын әнмен жеткізуші еді.

Көрші Закария ата соғысқа аттанғанда соңында үш баласы мен анасы, үйдің бас көтерері Гүлсім апа қалды. Аурушаң Гүлсім апа балаларын аш-жалаңаш қалдырмауға бел буып, кәрі-құртаң шалдармен, өгіз жеккен арбамен алыстан тұз тасыды. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей, елінің мұқтаж керегіне жараған Гүлсім ананың тылдағы еңбегін оңай, деп атай аламыз ба?

Әйел затының нәзіктігіне қарамай, Алланың берген зейіні мен парасаттылығы, намысшыл қазақ сұлуларының тылдағы ерен еңбектері алыста жүрген жауынгер- азаматтарға күш берген шығар. Ерлерінің сағын сындырмай, бала-шағасына, кәрі-құртаңдарға ес бола білген соғыс тұсындағы Қызылтулық аналарға бас иемін!

Жүніс әулетінің үш бірдей азаматының шаңырағы құрылмай, керегесі керілмеген ағаларды аңсаумен келеміз. Майданға аттанар алдында жөргекке оралған бір жапырақ менің маңдайымнан иіскеп, ақ моншақтай үзіліп түскен, көз жастың кермек дәмі жетпіс жыл бойы ұмытылмақ емес, ұмытылар емес.

Роза Жүнісова,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Соңғы жаңалықтар