Ақ үй 2027 жылғы қорғанысқа рекордтық 1,5 трлн доллар сұрады — БАҚ

АСТАНА. KAZINFORM — Ақ үй 4 сәуірде Конгрестен 2027 жылға қорғанысқа шамамен 1,5 трлн доллар бөлуін сұрады. Бұл АҚШ тарихындағы ең жоғары сома саналады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі.

Белый дом
Фото: nps.gov

Дональд Трамптың жаңа бюджеті аясында ұсынылған бұл сұраныс Пентагон шығындарын ағымдағы қаржы жылына қарағанда шамамен 40%-ға көбейтуді көздейді.

Қорғанысқа шығынның ұлғаюы әскери қызметкерлердің жалақысын 5–7%-ға көтеруге, жаңа кемелер салуға 65,8 млрд доллар бөлуге және Иранмен соғыс кезінде таусылған маңызды оқ-дәрілер қорын толықтыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл «Алтын күмбез» — зымыранға қарсы қорғанысқа арналған ғарыштық датчиктер мен жүйесін салуға қолдау көрсетуді қамтиды, деп хабарлайды CBS News.

Ұсынылып отырған бюджеттің едәуір ұлғаюы Трамп әкімшілігі тиімсіз деп есептейтін ішкі бағдарламаларды күрт қысқарту арқылы ішінара өтеледі, деп жазады The New York Times.

Трамп әкімшілігі көптеген ішкі ведомстволардың қаржыландыруын 73 млрд доллар немесе 10%-ға қысқартуды ұсынды, оның ішінде денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысы және білім беру саласындағы негізгі федералдық бағдарламалардан бас тарту қарастырылған, олардың кейбірі азшылықтарға және тұрмысы төмен топтарға бағытталған.

Бұл соманы бөлу АҚШ-тың онсыз да қомақты мемлекеттік қарызын арттыруы мүмкін, ол 3 сәуірдегі жағдай бойынша 39 трлн долларды құрайды.

Бюджет жоспары жарияланар алдында президент пен оның көмекшілері қорғанысқа шығынды ұлғайту төтенше қажет екенін мәлімдеді. Олар мұны Иранмен жалғасып жатқан соғысқа байланысты оқ-дәрі мен басқа да материалдарды толықтыру қажеттілігімен түсіндірді.

Бұдан бұрын НАТО бас хатшысы АҚШ-қа ресми сапармен баратынын жазған болатынбыз.