Ақ үй: АҚШ-тың Қытайға ықпал ететін бірнеше тетігі бар
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Қытайға ықпал етудің елеулі тетіктеріне ие. Бұл туралы Ақ үй аппараты басшысының орынбасары Стивен Миллер Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады ТАСС.

– АҚШ Қытайға ықпал етудің маңызды әрі сенімді тетіктеріне ие. Ең алдымен, біз бұл елді және оның бүкіл дамуы мен индустриялануын толығымен қаржыландырып отырмыз. Бізде басқа да тетіктер бар, ол туралы терең тоқталғым келмейді, бірақ Қытайдың қауіпсіздігі үшін аса маңызды көптеген нәрселер бар, бұл тұрғыда олар АҚШ-қа мұқтаж. Сондықтан Қытай деэскалация жолын таңдаса өте орынды болар еді, – деді ол.
АҚШ президенті Дональд Трамп 2 сәуір күні 185 ел мен аумақтан келетін тауарларға кедендік баж салығын енгізетінін жариялады. Ал 9 сәуірде ол келіссөзге дайындық танытқан 75 елге қатысты бұл салықты 90 күнге тоқтататынын мәлімдеді. Бұл елдерге 10% көлемінде импорттық тариф қолданылады. Алайда бұл шара Қытайды айналып өтті.
Айта кетейік, Ақ үй Американың Қытайдан жеткізілім бажы 125 пайыз емес, 145 пайыз болатынын ескерткен еді.
Оған жауап ретінде Қытай АҚШ тауарларына баж салығын 125 пайызға дейін көтерді.
Қытай Сыртқы істер министрлігі Мао Цзэдунның «АҚШ — тек қағаз жолбарыс, түртіп қалсақ тесіледі» деген әйгілі сөзін еске түсіретін жазба жариялады.
Қоса кетейік, Kazinform тілшісі АҚШ-Қытай арасындағы тариф саясатының себеп-салдарын, қаржы нарығы мен елімізге тигізер әсерін талдады.