«Ақ жайық» және «Әл-Арқа» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді бөлу бойынша тізім бекітілді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қорытынды бойынша, 249 пәтер бөлініп берілді. Оның 153-і «Ақ жайық» кешеніне (104 бір бөлмелі және 49 екі бөлмелі пәтерлер) және 96-сы «Әл-Арқа» кешеніне (32 бір бөлмелі, 64 екі бөлмелі) тиесілі.
«Самұрық-Қазына» қоры баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылғы мамырдың 12-сі күні «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» «Ақ жайық» пен «Әл-Арқа» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді бөлуге қатысты өтініш-құжаттар қабылдауды аяқтаған. Сәуірдің 12-сі мен мамырдың 12-сі аралығында аталмыш кешендерден пәтерлер алу жөнінде барлығы 1130 өтініш келіп түскен, өтініш берушілердің 673-і «Ақ жайық», ал 457-сі - «Әл-Арқа» кешенінен пәтер алғысы келгендер.
«Алғашқы қорытынды бойынша «Ақ жайықтың» 10 пәтеріне (4 бір бөлмелі, 5 екі бөлмелі, 1 пентхаус) және «Әл-Арқаның» 9 пәтеріне (2 бір бөлмелі пәтер, 7 екі бөлмелі пәтер) өтініш берген 19 азамат пәтерлерден бас тартты. Ол пәтерлер рейтинг бойынша келесі кезекте тұрған азаматтар арасында бөлінді. Өтініш берушілердің рейтингіне сәйкес, «Ақ жайық» кешеніндегі бір бөлмелі пәтер үшін орташа төлем қабілеті 297 мың 798 теңгеге теңесті. Екі бөлмелі пәтерлер үшін орташа төлем қабілеті 664 мың 525 теңгені құрады. «Әл-Арқа» бойынша бір бөлмелі пәтер үшін орташа төлем қабілеті 167 мың 246 теңгені құрады. Ал, екі бөлмелі пәтерлер үшін орташа төлем қабілеті 278 мың 125 теңгеге теңесті», делінген бүгінгі таратылған хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Тұрғын үй комиссиясынан өткен барлық азаматтардың да үйлері жоқ. 243 азаматтың 12-сі Астана қаласы әкімшілігінен мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте тұрғандар. Өтініш беруші 106 азамат отбасылы, 143 азамат бойдақ. Өтініш берушілердің жас шамасы 20-40 жас аралығы. Өтініш берген 41 азамат алғашқы жарнасын төлей алатындығын айтқан.