Ақ Жайық жұртшылығы 1 мамыр мерекесін кең көлемде атап өтті
Орал қаласында бірлік мейрамы алғаш рет жаңа алаңда ұйымдастырылып, шеруге мекеме-ұйымдар, кәсіпорындар, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы, үкіметтік емес ұйымдар, жұртшылық өкілдері, студент жастар көптеп қатысты.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтау сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатымен барша ұлт өкілдерінің береке-бірлігінің арқасында еліміздің қарыштап алға басып келе жатқанын жеткізді. Президенттің ҚХА ХХV сессиясында атап өткеніндей, Қазақстан біртұтас ұлтқа айналса ғана бәсекеге қабілетті болмақ. Биыл Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде күллі әлемнің жаңалығы паш етілетін болады. Сондықтан алдыңғы қатарлы елдерге теңелу үшін саяси, экономикалық және рухани жаңғыру қажет-ақ.
Облыс орталығы Орал қаласының өркендеп, қанат жайып келе жатқанына осы жаңа алаң да дәлел бола алады. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ашылған алаң маңында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы, оқушылар және жастар сарайы, Салтанат сарайы, Достық үйі, Назарбаев зияткерлік мектебі, теннис кешені сынды сәнді де еңселі ғимараттар орналасқан. Шаһарда жаңа үйлер де көптеп салынуда. Осының бәрі - тыныштық пен келісімнің, ырыс пен ынтымақтың арқасы.
Ақ Жайықтағы Қазақстан халқының бірлігі мерекесін көршілес Саратов облысының делегациясы да тамашалап, осы өңір губернаторының міндетін атқарушы Валерий Радаевтың атынан Саратов облысы үкіметі төрағасының орынбасары Александр Соловьев мейраммен құттықтап, игі тілегін білдірді.
Облыс әртістері мен шығармашылық ұжымдары мерекеге арнап концерт қойды. Осындай шаралар өңірдің барлық аудандарында өткізіліп, мереке түрлі қызыққа толы болды.