Академик Мейірхан Әбділдин дүниеден озды
АЛМАТЫ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Алматыда 9 қаңтар күні 74 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған науқастан Қазақстанның көрнекті ғалым-физигі, ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мейірхан Мүбәракұлы Әбділдин дүниеден озды.
Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 11 қаңтарда Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтеді.
М. Әбділдин 1938 жылы 16 наурызда Алтай өлкесінің Троицк ауданындағы Зигаиново ауылында дүниеге келген. 1959 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетін бітіріп, еңбек жолын инженер-зертханашылықтан бастап, бар ғұмырын Қазақстанның ғылым-білім саласына арнады. А.Жданов атындағы Ленинград университетінің аспиранты (1961-1965 жж.), кіші ғылыми қызметкер (1966 ж.); Қазақ КСР ҒА Астрофизика институтының аға ғылыми қызметкері (1967-1979 жж.) болған ғалым, 1966 жылы кандидаттық, 1985 жылы «Теориялық және математикалық физика» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғады.
1970 жылдан бастап өзі білім алған білім ордасында 40 жылдан астам уақыт табан аудармай қызмет істеп, 1970-1981 жылдары аралығында және 1986 жылдан бері өмірінің соңына дейін теориялық физика кафедрасының меңгерушісі болды. Сондай-ақ, 1988-1991 жылдары оқытушы-профессорлардың қолдауымен және ҚазМУ-дың жабық дауыспен сайланған алғашқы ректоры болды. Оның ғылыми жетекшілігімен бірнеше кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Теориялық физика саласындағы Қазақстандағы алғашқы доктор және профессор М.Әбділдин, Ресей гравитациялық қоғамының, Халықаралық физикалық журнал редакциялық алқасының мүшесі болды. Оның 150-ден астам ғылыми мақаласы мен 2 монографиясы жарық көрді. Мейірхан Мүбәракұлы Эйнштейннің салыстырмалылық және гравитациялық теориясы бойынша ТМД елдеріндегі білікті де білгір мамандардың бірі еді. Қазақстандағы іргелі зерттеулердегі басым бағыт - «Теориялық физиканың» негізгі ұйымдастырушысы, «Гравитациялық, электромагниттік, күшті және әлсіз өзара әрекеттестікті теориялық зерттеу» атты зерттеулер бағдарламасының жетекшісі болды. «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, көптеген мерейтойлық медальдармен және Халықаралық шығармашылық академиясының Құрмет белгісімен марапатталған.