Академик Р. Елешевке қаратөбеліктер құрмет көрсетті - БҚО
ОРАЛ. 28 қазан. ҚазАқпарат - Академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Елешевтің 75 жылдығына орай туған жері Қаратөбе ауданында мәнді шаралар ұйымдастырылды.
Академик алдымен аудандық тарихи-өлкетану мұражайына бас сұғып, тілек кітабына өз қолтаңбасын қалдырды. Мектепті кезінде алтын медальмен тәмамдаған ғалым үшін орталықтағы Мұхит орта мектебі - маңдайға қонған дара бақ екендігінің дәлелі. Мектептің акт залында өткен «Өнегелі ғұмыр» атты кездесуде жарқын болашақ иелері академик ағаларына сазды сәлем жолдап, ескерткіш сыйлықтарын табыстады.
Қаратөбе мектеп-гимназиясының спорт залында өткен Р.Елешев атындағы ересектер арасындағы қазақша күрестен «Түйе палуан» жарысы да жиналғандардың делебесін қоздырды. Боз кілемде белдескен бірінен-бірі өткен палуандар қолдаушылардың қиқу салуымен жарыс көркін қыздыра түсті. Сайыс қорытындысында жүлделі орындарды Бауыржан Шүрменов пен Бауыржан Тасқалиев өзара бөліссе, айқын басымдықпен Роман Сыдықов «Түйе палуан» тұғырына көтеріліп, жеңімпаз атанды.
Ал аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуге халық көп жиналды. Мерейтой иесін құттықтаған аудан әкімі Асхат Шахаров Елешев еңсерген бел-белестерге тоқталып, өрелі ойын ауыл шаруашылығы саласына сіңірген ғалым еңбегімен ұштастырды. Аудан халқы атынан 75 жастың белесінен көрінген ғалымның иығына зерделі шапан жауып, тұлпар мінгізді. Басқа да сөйлеушілер елім деп еміренген арда азаматқа толайым табыс, ғылым жолында жетістіктер тіледі.
Елімізде атағы алысқа кеткен академиктің арқасында 39 кандидаттық, 19 докторлық еңбек қорғалғандығын мақтанышпен айтар қаратөбеліктердің алдында перзенттік сезіммен тебірене ой қозғаған Рақымжан Елешұлының әр сөзінің түп-төркінінде білімге деген іңкәрлік, ғылымға деген құштарлықтың иірімдері, туған жерге деген махаббат жатты.
Өмірде даналығымен, ғылымда даралығымен ерекшеленген ғалыммен өткен кездесу аудандық мәдени-демалыс орталығы қызметкерлері дайындаған сазды бағдарламамен өрнектелді.