Академияның ірі техникалық жобаларға, ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік-құрастырушылық жұмыстарға сараптама жасаумен айналысқаны пайдалы болар еді деп ойлаймын - ҚР Президенті
АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновты қабылдады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Кездесу барысында қоғамдық ұйым мәртебесін алған 10 жылдан бергі кезеңдегі Ұлттық ғылым академиясының одан арғы қызметінің мәселелері қаралды. Қазақстан Президенті бұл мәртебенің берілуімен бірге Академияның тиімділігі артып, ғылыми қызметті жүезе асыру мүмкіндігі пайда болғанын атап өтті. - Академияның ірі техникалық жобаларға, ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік-құрастырушылық жұмыстарға сараптама жасаумен, Phd докторлық дәрежесін беру үшін диссертациялық кеңестер құрумен, ірі ғылыми конференциялар мен симпозиумдар өткізумен айналысқаны пайдалы болар еді деп ойлаймын. Бұл оның дамуының жаңа маңызды кезеңі болған болар еді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. М.Жұрынов Қазақстан ғылымы посткеңестік кеңістікте бірінші болып батыстық даму үлгісіне көшкенін және оның келешектегі даму перспективаларын Мемлекет басшысымен бірге талқылаудың өте пайдалы болғанын айтты.