«Ақбөкеннің етін өнім ретінде базарда сату қаншалықты тиімді?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігі 14 маусым, сенбі күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «V Astana Mining & Metallurgy» халықаралық тау-кен кеңесі өтті. Ондағы пленарлық мәжіліске Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысып, сөз сөйледі. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Тау-кен металлургия кешенінің келешек кеңістігі» деген тақырыппен кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, Премьер-Министр индус¬триялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында қара және түсті металлургияға басымдық берілетінін атап айтты. «Үкімет тау-кен металлургия өндірісін дамыту бойынша 2018 жылға дейін кешенді жоспарды жасап, бекітті. Еліміздің тау-кен металлургия кешеніне үлкен міндеттер қойылып отыр. Біз инвестициялық жағдайды жетілдіруге және дамытуға бар күшімізді саламыз», деді Үкімет басшысы. Осы жиын аясында геологтардың арнайы сессиясы да өткен. Онда еліміздің геология саласындағы жаңа белестері туралы әңгіме өрбіткен Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев Қазақстанда алтынның баланстық қоры 2 мың тоннаға жеткенін айтты. «Қазақстанда мемлекеттік баланс ретінде 102 минералдық шикізат бойынша пайдалы қазбалар қоры есептеледі. Оның ішінде 40 қатты пайдалы қазба түрі бар. Алтынның баланстық қоры 2 мың тоннаны құрайды», деген ол алтынның аталған баланстық қорының 76 пайызы сыртқа шығарылатынын, 19 пайызы барланып жатқанын, қалған 5 пайызы кен өндірісінде қолданылмайтынын жеткізді. Мемлекеттік баланс ретінде алтынның 321 нысаны бар. Оның ішінде 92 нысан қолданыста болса, 120 нысан барланып жатыр, ал 110 нысан резервте, деп толықтырды сөзін комитет төрағасы.
«Ұлттық компаниялардың ұлт қажетіне мойын бұра бастағаны қуантады. Оның анық бір дәлелі, апта ортасында «KEGOC» АҚ Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік және тұрақты даму бойынша алғашқы қазақстандық салалық бизнес-құралдың тұсаукесерін өткізді. Бизнес-құрал «Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік - электр энергетикалық компаниялар үшін: бизнес тиімділігін арттырамыз» деп аталған», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Тұтынушыға түсінікті бизнес-құралдың тұсаукесері» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, бизнес-құралдың тәжірибелік маңыздылығы 3 шартқа негізделген. Бірінші, бизнес құралмен таныса отырып, әрбір адам (тіпті дайындығы жоқ оқырман) халықаралық және қазақстандық стандарттар тұрғысынан КӘЖ қағидаттары мен идеялары туралы толық ақпарат алып, оларды өз жұмысында қолдана алады. Екінші, Қазақстандағы КӘЖ-ді дамыту ерекшеліктері, сонымен қатар, 30 халықаралық және отандық жетекші компаниялардың КӘЖ саласындағы үздік корпоративтік тәжірибелері мен ғаламдық бастамалары туралы көп мәліметке қол жеткізеді. Үшінші, айналысатын қызметіне қарамастан, түрлі ұйымдар мен мамандар сараптамалық білімдерін жетілдіру мақсатында КӘЖ саласындағы тәжірибелік құралдар мен ұсынымдарды еркін пайдалануына мүмкіндік туды.
***
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров алдағы уақытта Қазақстанда акбөкендер саны жарты миллонға жететіндігін, содан кейін оның өнімдерін саудалауға болатындығын айтқан еді. Министрдің осы пікіріне орай «Айқын» газеті бірқатар азаматтан пікір алып, оларды «Ақбөкеннің етін өнім ретінде базарда сату қаншалықты тиімді?» деген тақырып аясында ұсынып отыр. Сонымен басылымның бұл сауалына жауап берген Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл: «Ақбөкен кең жазира қазақ даласының еркесі, сұлуы! Сондықтан халқымыз ежелден ақбөкен мен аққуды қастерлеп, екеуін де кие тұтқан. Демек, Қоршаған орта мен су ресурстарын қорғау министрі Нұр¬лан Қаппаровтың «таяудағы жылдары ақбөкеннің етін базарға шығарып, бизнеске айналдыруға мүмкіндік туады» деуі табиғатты пір тұтатын әрбір адамның ашу-ызасын келтіретін жайт. Сондықтан мен министрдің мұндай пікірімен келіспеймін. Себебі ақбөкен - қазақ даласына біткен қасиетті де киелі жануар. Оның саны қаншалықты өссе де, бізге көптік етпейді. Ақбөкеннің етін базарға шығарып, пайда тауып, ешкім пәтуа таппайды. Керісінше, бұл - дала еркесіне жасалған қиянат болар еді» дейді. Ал медицина ғылымдарының докторы, профессор Жәңгетхан Абылайұлы, Алатаудан Алтайға, Алтайдан Атырауға дейін кең тараған ақбөкен біздің баға жетпес байлығымыз екенін баса айтады. «Байлық болғанда, ол - бизнес үшін жаратылған жоқ. Өйткені ақбөкен - қазақ үшін киелі аң! Сондықтан ата-бабаларымыз о, бастан ақбөкенді атуға тыйым салған. Ал енді одан «бизнес жасап, пайда табамыз» деу үлкен қателік», дейді.
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстандағы Қызыл жарты айдың бас директоры Елена Ким елімізде донорлар саны екі есеге қысқарғанын мәлімдеген. «Соңғы жылдары донорлар саны азаюда. Ол екі есеге азайған, бұл негізінен елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен, донорлықты ұйымдастырудың бұрынғы жүйесінің жойылуымен, сонымен қатар тұрғындарды БАҚ арқылы хабардар етудің жеткіліксіздігімен байланысты. Алайда біз бұл жүйені біртіндеп қалпына келтіреміз деп үміттенемін. Мысалы қан тапсырған адамның кезекті еңбек демалысына бір күн қосылады», - деді Е.Ким. ДДҰ ақпарынша медицина мекемелерін қан құрамының барлық түрлерімен қамтамасыз ету үшін 1 мың тұрғынға 40-50 донациядан келуі керек екен. Бүгінде ҚР-да бұл қатынас 1 мың тұрғынға 18 донациядан келіп отыр. «Үлкен жастағы адамдар қан тапсыруға құлшыныспен барады, ал жастар сирек. Дамыған елдерде әр дені сау азамат жылына бір рет қан тапсырады. Бұл салауатты өмір салты мен моральдық құндылықтар элементі. Мәселе жеткілікті деңгейде насихат жұмыстарының жүргізілмейтіндігінде», - деді ол. Мақала «Қазақстанға қан керек» деген тақырыппен берілген.