«Ақбұлақ» бағдарламасына ауылдықтар дән риза - ОҚО
АСТАНА. ҚазАқпарат -«Ақбұлақ» бағдарламасының мақсаты - 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 80 %-ын орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамту.
Атап айтсақ, қалалар - 100 пайыз, елді мекендер - 80 пайыз сумен қамтылуға тиіс. Мәселен, Оңтүстік Қазақстанда соңғы бес жылда 253 елді мекенге ауызсу жүйесі жүргізіліп, 900 мыңға жуық тұрғын таза су ішкен. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 39 нысанның құрылысы жүргізіліпті.
Сондай ауылдың бірі - Ақбиік. Оған облыстық бюджеттен 169 млн. 810 мың теңге қаржы бөлініп, ауыз су жүйесінің құрылысын «ШРМСУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Су құбырының ұзындығы 31 км 868 м құрайды. Құрылыс барысында 2 ұңғыма, 2 су жинағыш, су мұнарасы, сорғы стансасы, оның ішінде бактерицидтік станса салынып, барлық 309 аулаға су есептегіш құралдары орнатылған. Ауыз су жүйесінің іске қосылғанына екі жылға жуықтап қалыпты.
Ауыл тұрғыны, 90 жасар Қыздығой Махмұтова әжей үйіне ауыз су келгелі зор қуанышқа бөленгенін айтады.
«Қарт адамға үйіңде жағдай жасалмаса да қиын ғой. Балаларға масыл болмай, өзің жуынып, үйде ешкім жоқта өз қолыңмен шай қойып ішкенге не жетсін. Енді міне бәрі ыңғайлы, оңай», дейді қария.
2008 жылдан бері осы ауылды басқарып келе жатқан ауыл әкімі С. Қозтаевтың айтуынша, көршілес өзге ауылдарға қарағанда мұнда Кеңес заманында да ауыз су жүйесі болмаған. Бүгінде сумен қамту нысаны аудандық су шаруашылығы қарауына өткен. Ауылдықтар өркениет игілігіне дән риза.
Оңтүстік Қазақстаның 11 елді мекеніндегі ауызсу құбырларына қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 120 мыңнан аса ауыл тұрғындары тіршілік нәрін тәулік бойы тұтынып отыр. «Ал өңірді толық ауызсумен қамту мәселесі тек 2019 жылы шешіледі», дейді ОҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров.
«Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы Ақбиік сияқты ауылдардың талайына ауыз келді. Алда да жоспарлар аз емес. Бағдарламада ең әуелі кей нысандарды заң аясында жеке меншікке беру көзделген. Сонымен бірге, барлық үй 100 пайыз жеке есептеу құралын орнатуға тиіс.
Тағы бір ескеретін жайт, жерасты суының қайнар көзін тауып, соны пайдалану. Себебі жерасты суы - былғанбаған, таза болып келеді. Сондықтан, жер астынан су іздеу мақсатындағы геологиялық-зерттеу жұмыстарына 2018 жылға дейін әр жылға 6,2 млрд теңге бөлу жоспарланған. Ол қаржыға әр жылы 400 елді мекен айналасында геологиялық қазба жұмыстары жүргізілмек.
Жанат Капалбаева