Әкем әдебиеттің дәмін, тұзын, сөлін білетін - жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев туралы қызының естелігінен
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Кеңестер және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына 90 жыл толды. Соған байланысты ҚазАқпарат жазушының қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі Алтын Иманбаеваның әкесі жайлы естелігін жариялайды.
Әке жайлы естелік
«Әке-асқар тау» демекші, әр перзент үшін аяулы әкенің орны ерекше. Әке дегенде, нұрлы жанарымен мейірлене қарап, «айналайын» деп елжіреп тұратын аяулы тұлға көз алдыма келеді. «Қуансаң қуана бер, әкетайым, мен сенің өміріңнің жалғасымын» ән шумағында айтылғандай, біз ата-анамыздың отбасында он бала тәлім-тәрбие алдық. Ес білгелі әкеміз жазуға отырғанда бөгет болмай, аса сыйластықпен тыныштық сақтайтынбыз. Ол кісі кейде күбірлеп, сөз құрастырып отыратын немесе жазғандарын үстінен жөндеп, үнемі ой еңбегімен айналысатын. Ондайда айналадағы тіршілік бір сәт тоқтап қалғандай, өз ойымен әлек болатын еді. Бұл менің бала кезімнен көз алдымнан кетпейтін көрініс. Әкем газет-журналдарды, балаларға кітаптарды пошта арқылы көп алғызатын. Әріп білмейтініміз сурет қарап, мектепте оқитындарымыз кішілерге ертегілер мен тақпақтар оқып беруші едік. «Ұяда не көрең, ұшқанда оны ілесің» демекші, біз қағаз бен қаламға қызығып өтік. Мен кішкене кезімде «әке, қалай жазушы болуға болады?» деп жиі мазалаушы едім. «Төлбасы» дегендей, ата-анамыздың ең үлкені Зейникамал- Қарағанды медицина институтының түлегі, өмір бойы адам жанының арашашысы-ақ халатты дәрігер ретінде ел алғысын алған жан. Ботакөз- ұлағатты ұстаз. Марал да білгір дәрігер, өмірін денсаулық саласына арнаған маман. София- сәулетші, Ардақ- медицина саласының қызметкері, Қуаныш, Аяжан деген сіңлілеріміздің білімі орташа, Зейін- инженер-құрылысшы, Зейнұр-жоғары білімді агроном және экономист. Әрқайсысы өз саласын жақсы меңгерген азаматтар. Марал мен Ардақтың жырға әуестігі бар. Әке жолын қуған мен көп жыл бойы журналистика саласында қызмет етемін. Міне, ата-анамыздан тараған ұл-қыз өз қабілетіне қарай жемісті еңбек етуде. Немереден шөбереге сүйген Кәмеш анамыз жуырда дүниеден өтті. Менің бір есімде ерекше қалғаны- жылма жыл әкемнің кітаптары шығып тұратын. Ол кітаптың алғашқы данасы келгенде әкем жас баладай қуанып, ерекше күйге түсетін. «Бұл да менің жаңа туған перзентім секілді ғой» деп мұқабасын сипап, жадырап отыратын еді, жарықтық... «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз айтқандай, әкем ең алғаш жерлестеріне өлең жазып «ақын бала» ретінде танылған қаламгер еді. Кейін «төрт ауыз өлең жолына көңілдегі көрікті ойды сыйғызу қиынырақ» деп ойлап қарасөзге ауысқан көрінеді. Әкем тағдыр талқысына түсіп, он жыл төсек тартып жатқанда өздігінен талпынудың арқасында көркем сөздің қыр-сырын танып, тұнып тұрған тұңғиық ойды қағаз бетіне түсіре беріпті. Міне, көп бейнеттің зейнеті де өз нәтижесін береді. 1959 жылы алғашқы «Бастама» деген кітабы жарық көрген кезде қарға адым жер мұң болған ауыр бейнет иесі құлан-таза айығып қатарға қосылды. Оның алдындағы он жыл еңбектеніп жазған алғашқы кітабына көңілі толмай қап-қалың жинағын жанып жатқан пешке жағып жібергенде анамның іші удай ашыса керек. «Қандай еңбекті еш қылдың ғой» деп қатты қиналыпты... Әкемнің осындай жеңіске жеткеніне аяулы анам Кәмеш Байқасқызының да еңбегі өлшеусіз дегім келеді. Науқас адамды күту, үйдегі тірлік, колхоз жұмысы, өмірге келген перзенттің күтімі, келімді-кетімді қонақ - міне, осының бәрін жалғыз өзі атқарып, әкеме қамқоршы болған менің асыл анам еді-ау... Жылт еткен дарынға қамқорлық керек. Әкем Зейнел-Ғабиға сол кездегі Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші секретары Ілияс Омаровтың көрсеткен қамқорлығында шек жоқ еді. Қолына қалам ұстаған жас талапкерге жол көрсетіп, кітабының жылма жыл шығуына ағалық қамқорлығын аямаған да осы ағамыз. «Тіптен жас қаламгер шығыпты, танысайын» деп ауылға іздеп келіп, «жазушының ас бөлмесі, кісі күтетін, жазу жазатын, балалары тынығатын бөлмелерінің болуы керек» деп ағаштан қиғызып,кең сарайдай үй салғызып бергенінің өзі кісілік емес пе? Ал жазушы Асқар Лекеровтың де әкеме жасаған жақсылығы, қамқорлығы ұшан-теңіз. Алматыға келген сайын үйіне түсіріп, жинағына редактор болып, жазу-сызудың қыр-сырын үйреткен де осы кісі. Ал жерлес жазушы ағаларымыз Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов пен Сафуан Шәймерденовтердің әкеме жасаған қамқорлықтары ауыз толтырып айтарлықтай екені сөзсіз. Әкем өзінің қойын дәптерінде «Ұлы Абайдың ұлағатты сөздері бойыма ерекше күш берді. Бұл күш менің қалам алып, ой тербеуіме себепші болды. Менің әдебиетке деген құштарлығым осыдан басталған» деген екен. Небары жеті сыныптық біліммен он жеті кітап жазып, республика жұртшылығына танымал болу екінің бірінің қолынан келер ме екен?! Әкем өмірінің көп уақытын балалар әдебиетіне арнап, мерзімді баспасөзде үнемі жариялап отыратын. Ол кісі көзі жұмылғанша қаламы қолынан түспей, үнемі ізденіс үстінде қажырлы еңбек етті. Әкемнің жазған шығармаларының тақырыбы өз аулымыздың тыныс-тіршілігінен құралады. Ауылдағы еңкейген қария мен еңбектеген балаға дейін жазушы шығармасының арқауы десе де болғандай. Өзі дүниеден өткеннен кейін «Жалын» баспасынан «Солмайтын гүл» атты жинағы жарық көрді. Кітаптың эпилогында «Айнымас серігім, балаларымның анасы Кәмеш Байқасқызына» деген арнаудан-ақ повестің өз өмірі жайлы сыр шертетіні оңай байқалады. Өз қаламдастарынан жырақ тұрған ауыл жазушысы пікір таластырып, ойын ортаға сала алмайтындықтан үнемі анаммен ақылдасып, жазған дүниелерін оқып беретін. Шындығында да, өз ісін жалғастыратын балалары, әдеби мұрасы бар әке өмірі - солмайтын гүл тәрізді еді. Әкеміз өз өмірінде дүниеге қызықпаған жан еді. 1974 жылы әкемнің 50 жасқа толған мерейтойы болып, аудан басшылары совхоздан үй берді. Біз өзіміздің ауылымыз Ортақкөлден совхозға көштік. Сонда жаңа қоныстағы көршілеріміз: «Зейнел-Ғабидың бар жинағаны- бір машина кітап қана ма?» деп өзара күліскендер де болыпты. Кітаптың рухани құндылығын қайдан білсін, пәтшағарлар?!.. Әкем Абай атамыздың «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деген өлең жолдарын қағида етіп айтып отыратын. Ата-анамыз бізді өнер-білімге тәрбиеледі. Менің әйгілі әнші Жүсіпбек Елебековтың шәкірті болуыма бірден-бір себепші болған аяулы әкем еді. Әкем Ақан сері, Біржан сал, Мәди мен Естай әндерін домбырамен сүйемелдеп, қоңыр дауыспен нақышына келтіріп орындайтын. Анам да Әсеттің «Інжу-маржаны» мен Ақан серінің «Қараторғайын» салғанда, тыңдаушысын дән риза ететін. Анам өмір бойы той-томалақта осы әндерді әлі бабында шырқайтын. Әкем жазуға отырарда шертпе күйді тыңдағанды ұнататын. Әсіресе Тәттімбет, Әшімтай, Тоқа, Сүгір және Төлеген Момбековтың күйлерін тебірене тыңдап әркез шабыт шақыратын. Мен тұрмыс құрып, домбырамды қолға алмай кеткен кезімде әкемнен хат келіпті.тСонда. «Алтынжан, өнерің қап түбінде қалып қоймасын, ол сенің өнерге жасаған қиянатын, өзің талаптанып, талпынбасаң болмайды, алмас қылыш қын түбінде жатпайды, көрін, өнеріңді дамыт!»- деген екен. Әке сөзі қамшы болып, мен сол кезде Қазақ радиосына біраз ән жазып едім. Әкем өмірден бір ай бұрын Қазақ телерадиосынан менің концертім өтті. Сол күні әкем көріп отырып көз жасына ерік беріп ұзақ жылапты, қуанғаны ғой деп ойладым кейін. Әкем соңғы хатында: «Сенің концертіңді көріп, төбем көкке жетті ғой. Осылай көрініп жүрсейші, әуелі ел-жұртың қуанады ғой»,- дегені әлі есімде. Мен аздап өлең жазамын. Әкем менің прозаға ауысқанымды қалайтын. Әкемнің ақыл-кеңесі телегей-теңіз еді. Әсіресе, Жүсекеңе шәкірт болып, кейін ҚазГУ-дың журналистика факультетінде оқығанымда әкем маған көп үміт артатын. Өз ісінің жалғасы деп іштей қуанатын-ды. Баланы кішкене кезінен қабілетіне қарай тани білген әкеміз бізді сан-салалы мамандыққа баулыды. Пайғамбар жасында бақилық болған ол өзімен бірге айтылмаған сыры мен жазылмаған толғауларын ала кетті. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр деген осы да. Мен таңдамалы жинағын әкем қайтыс болғаннан кейін, яғни 1987 жылы ратопринт тәсілімен дайындап, «Жазушы» баспасына ұсынғанмын. Әкемнің еңбектеріне қамқорлық жасау мақсатында ұйымдастырылған әділқазының төрағасы жерлес жазушы Сафуан Шәймерденов болып, осы кітаптың шығуына атсалысқанбыз. Сафуан аға тіпті менімен баспаға бірге барып, директорына жолығып, кітаптың жоспарға енуіне мұрындық болған. Әйтсе де сегіз жыл баспада жата берген соң жоғалып кетер деген қорқынышпен қолжазбаны үйге әкеп қойғамын. 2010 жылы Байланыс және ақпарат министрлігінің мұрағат комитеті арқылы, онда да жерлес жазушы Ербол Шәймерденовтың қамқорлығымен кезектен тыс әкем Зейнел-Ғаби Иманбаевтың «Қос қайың» атты 40 баспатабақтан тұратын әңгімелер мен повестерін «Қазақпарат» баспасынан шығарған болатынбыз. Енді Қазақстан Жазушылар Одағының қолдауымен «Дала хикаялары» деген екі томдық жинағын оқырманға ұсынып отырмыз. Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың бұл жинағының бірінші бөлімі балалар тақырыбына арналған. Бала тілімен қызықтыра, мөлдірете жазуға машықтанған жазушы табиғат тылсымы мен ауыл өміріндегі сан қырлы балалар өмірін жаза отырып, жас ұрпақты көркем дүниемен жақсылыққа, еңбекке, шыншылдыққа тәрбиелей білген жан еді. Алған тақырыбын аса ұқыптылықпен зерттей отырып, өз жауапкершілігіне мұқият көңіл білген қаламгер оқырманның жас ерекшелігін ескеріп, соны сезініп, оқырманның өресін екшеп, сенімді түрде жазуға тырысқан. Әкем өз әңгімелері арқылы жасөспірімдердің психологиясын, болмысын терең ашуға тырысқан. Сондай-ақ балаларға арналған мысал әңгімелері мен табиғат аясындағы аңшылық жайлы жазған дүниелері әсерлі жазылған. Аңшылық кәсіптің қыр-сыры,ормандағы аң-құстың сырын бір кісідей ұғып, ақ қағазға түсіре білген шебер суреткердің қолынан шыққан туындылар тартымдылығымен ерекше. Сонымен қатар бұл бөлімде ауыл адамдарының тыныс-тіршілігі, ерен еңбегі жайлы көлемді әңгімелер топтасқан. Жинақтың бірінші бөлімінде жеңіл юмормен жазылған, ауыр сарказмге бармайтын бірнеше сатиралық туындылары да бар. Езу тартқызатын татымды дүниелерін оқи отырып, жазушының қай тақырыпты болсын, зерттеп жаза білетін интеллектуалды адам екенін байқау қиын емес. Жинақтың екінші бөлімінде ауыл тынысын суреттейтін, еңбек адамдарының жетістіктері жайлы толғайтын деректі әңгімелері мен төрт повесі жинақталған. Көзі тірісінде жинаққа енген он жеті жинағындағы тәуір деген дүниелер осы жинаққа топтастырылып, жазушы әкем Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай мемлекеттік тапсырыспен шығаруға дайындалды. Әке жолын қуып журналистика саласында көп жыл еңбек еткенімнің жемісі болар, әкемнің әр сөзін мұқият таспаға түсіріп, көркемдеп, жетпегенін жеткіздім деп ойлаймын. Қаламгердің шығармаларының әсерлі шығуына, әр сөйлемнің мағынасының ашылуына атсалысып, атеистік көзқарасының жігін білдірмей, осы заманның танымына жақындатуға тырыстым. Әкем эстет адам болатын. Әдебиеттің дәмін, тұзын, сөлін білетін. Осындай қаламгерлер ғана табиғаттың тылсымын, ауыл өмірінің қыр-сырын жете біледі. Бір үлкен көлдің суын ащы-тұщы ма, татсаң ғана білесің, сол сияқты бұл кісінің шығармаларын оқып отырсаң, өмір бар. Қазақ сатирасының тарланы Қажытай Ілиясов өз кезінде әкемнің шығармаларында мынандай баға берген: «Зекең стилист жазушы болатын. Сөйлем құрауда қысқа, нұсқа жазуды кәсіп еткен жан еді. «Бояушы бояушы дегенде сақалын бояпты» дегендей, бәз біреулердей көркем сөзді біледі екем деп, орынсыз бояй бермейтін. Өз жазғанына сақ қарайтын жазушы еді. Ол кісі маңайына сыйлы, абыройлы болған екен. Әдемі сырбаз, жай жазушыларға қарағанда түсінігі терең, нәзік дүниенің сырын білетін жан екені жазған шығармаларында айқын байқалатын. Зейнел-Ғаби Иманбаев қай тақырыпқа барсын біліп жазып, шолатын жерінен интеллектуалды адам екені анық байқалады. Адамды тек жазғанынан ғана емес, істеген ісі мен сөйлеген сөзінен-ақ кім екенін білуге болады. Шығарманың өзінен жазып отырған тақырыпқа деген көзқарасы, дүниетанымы, өзінің ұстамы анық байқалады екен » деп өз ойын бүкпесіз айтқан еді. Әрине, осыдан артық баға бар ма?! Ал сатирик жазушы Көпен Әмірбек Қазақ радиосының әуе толқынына әкем жайлы хабар әзірлегенде өз ойын былайша жеткізіп еді: «Садықбек Адамбековтың «Қазақ совет әдебиетінде жеті сынып бітірген үш классик бар, ол Максим Горький, Ғабиден Мұстафин және мен» деп айтқаны бар. Осылардың қатарына классикалық әдебиеттің қатарынан көрінетін қаламгер Зейнел-Ғаби Иманбаевты да қосуға болады. Өйткені өзінің өмірбаяндық жазуы бойынша Зекең бірінші Абайды ұстаз тұтқан. Екінші Чеховты, үшінші Бейімбет Майлинды, төртінші Островскийды ұстаз еткен. Өйткені Абайдай философиялық ой қозғауды Абайдан, қысқа жазуды Чеховтан, табиғи, ұлттық бояуды жағып табиғи, тартымды жазуды Бейімбет Майлиннен және өткір, қажырлы да қайратты жазуды Островскийден үйренген» деп еді. Ал балалар әдебиетінің кенжелеп тұрған кезінде әкемнің жазған әр әңгімесі мен мысалдары бала тәрбиесіне таптырмайтын құрал екені сөзсіз. Осы орайда «Жыл он екі ай» журналының бас редакторы Талғат Айтбайдың да әке шығармашылығы жайлы айтқан жылы лебізі көңіл қуантады: «Балалар тақырыбына жазу үшін олардың психологиясын, болмысын жақсы білу керек. Ол тақырыпқа жазу оңай шаруа емес. Бір қарағанға елеусіз тақырып. Осы тақырыпты ендеп, әдемі ойлармен қызықтырып жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді де. Қаламгер балаларға арналған әңгімелерін мөлдірете, қызықтыра, жеңіл бала тілімен, түсінікті ете жазуға шебер балалар жазушысы. Зейнел-Ғаби ағаның қаншама әңгімелері мектеп оқулықтарына енген. Оқулыққа ену үшін әдістемелік немесе ой салатын, академиялық өлшемге келетін шығармалар жазу шеберлікті қажет етеді. Міне, жазушы осы жағдайды ерекше ескеріп, тұщымды дүниелер жаза білген. Оның сыры- ұрпақты мысал әңгімелермен, көркем дүниемен жақсылыққа, еңбекке, шыншылдыққа тәрбиелеу білу мақсатында көп ізденген жан. Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев шығармашылықты өз деңгейінде зерттеген. Сосын өзінің жазуына ұқыпты, жауапкершілікпен қараған. Оқырманның жас ерекшелігін ескеріп, соны зерттеп, сезініп, оқырманның өресін екшеп, сенімді түрде жаза білген» деп ағынан жарылған еді. «Ажалды жеңген адам алтын аяқтан су ішеді» демекші, Корчагинше өмір үшін күресіп, қиындықты көп бейнетпен, талмай ізденумен жеңген әкемнің қайраттылығы мен өмірсүйгіштігі біз үшін үлгі-өнеге. Ауыл мектебінен алған жеті сыныптық біліммен қазақ халқына танымал жазушы болып, өз кезінде республикалық газет-журналдар мен Қазақ радиосының эфирін өзінің ауыл тынысы жайлы радиоочерктері мен сықақ әңгімелері, балаларға арналған бала тілімен жазған бірталай жақсы әңгімелерімен толтырып, күнделікті ақпарат көздерінде қаламын суалтпай, өз еңбегімен танымал болған еңбекқор қаламгерді исі қазақ жақсы таниды. Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың «Мектеп», «Ана тілі» баспаларында, сондай-ақ «Жыл он екі ай», «Балдырған» журналы мен «Ұлан» газеттерінде жарияланып тұратын әңгімелері әлі күнге маңызын жоймаған құндылығымен ерекше. Өз ауылынан алысқа ұзамай, туған жерге алтын қазық болып қадалған, туған табиғатының аясында табиғаттың тылсымын зерттеп, ауыл адамдарының тыныс-тіршілігін таспаға түсірген әкем Ортақкөл мен Баян ауылдарының тарихын жазған тарихшы десе де болғандай. Мен әкемді осындай мәрттігі үшін құрметтеймін, елін сүйген отансүйгіш жан ретінде танимын. Егер Алматыда өз ортасында жүргенде әкемнің үлкен романдар жазуға да күш-қайраты жетер еді. Алайда ауыл өмірінің сырын жазу әкемдей қаламгерге парыз болғанын шығармаларын оқып отырғанда түсінемін. Әкем осылай өмір сүру керек еді, бәрінің осылай болуын аллатағала нәсіп еткен екен. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген рас-ау... Өзінің саналы ғұмырында «Бастама», «Сырымбет», «Арлан», «Дала көктемі», «Кішкене малшы», «Кең аймақ», «Жас шыбықтар», «Кіреуке мерген», «Жирен сақал», «Солмайтын гүл», «Нағажайлы түнде», «Айналайын, адамдар» ,«Қыран түлегі», «Дала әңгімелері», «Құстар қайтып оралғанда», «Ауыл түтіні», «Солмайтын гүл» /повестер жинағы/, «Қос қайың» атты әңгімелер мен повестер жинағының авторы болған біздің ардақты әкеміз Зейнел-Ғаби Иманбаевтың еңбегі әлі күнге баспасөз беттерінде жарияланып, Қазақ радиосының әуе толқынынан беріліп келеді. Жуырда мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров жайлы «Ілиястың бағы» атты эссесі «Шалқар» бағдарламасы арқылы насихатталды. Сондай-ақ «Отырар кітапханасы» айдарымен берілетін хабарда әлденеше рет әңгімелері насихатталып келеді. Қаламгердің орыс аралас елдімекенде тұруына байланысты ол кісі «кітаптарым орыс тілінде шықса, жерлестерім менің не жазғаныммен таныс болар еді» деп көп армандаушы еді. Алдағы уақытта осы жинақтарды орыс тіліне аударсақ деген жоспарымыз бар. Алла қаласа, ол арман да орындалар күн алыс емес деп ойлаймын. 2014 жылы әкеміз Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына 90 жыл. Осыған орай өзі туып-өскен Қызылжар өңірінде бірнеше ісшаралар өтпекші. Ол алдағы күннің үлесінде.