Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әкім А. Мырзахметов төтенше апаттан зардап шеккен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге қатысты штабтың шұғыл отырысын өткізді

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында тиісті мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен штабтың шұғыл отырысын өткізді.

Әкім А. Мырзахметов төтенше апаттан зардап шеккен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге қатысты штабтың шұғыл отырысын өткізді

Күн тәртібінде зардап шеккен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды тез арада қалпына келтіру, тұрғындарға қажетті деңгейде көмек көрсету, көмек қорының жұмысын үйлестіру, құрылыс материалдарының кешікпей жеткізілуін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Төтенше табиғи апаттың салдарынан зардап шеккен жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жайы сөз болған жиында облыс басшысы бекітілген мердігерлердің санын арттырып, әлеуметтік нысандардағы жөндеу жұмыстарын бес күннің ішінде аяқтауды тапсырды. Бұдан бөлек, зардап шеккен 1949 жеке тұрғын үйдің ақау актілерін үш күннің ішінде бітіруді, әрбір әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге және құрылыс материалдарына жауапты тұлғаларды бекітуді, Сарыағаш және Созақ аудандарда құрылған қорлардан бөлек облыстық қор құруды тапсырды.

Сонымен қатар, жауапты басшыларға апат орын алған аймақтардағы тұрғын үйлерді қалпына келтіруге қажетті жоспарлаушылар мен мердігерлердің саны мен облыстың ірі қалаларындағы құрылыс материалдарының қорын анықтауды жүктеді. Жиын соңында облыс басшысы бұл мәселе бойынша күн сайын селекторлық мәжіліс өткізіп, жағдайды қатаң түрде бақылауға алатынын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 12 қаңтар күні Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында қатты жел тұрып, салдарынан 1949 жеке тұрғын үй, 174-ке тарта пәтер, 9 білім беру, 14 денсаулық сақтау нысаны, 4 мешіт зардап шеккен болатын.