Әкімдер базарларда тәртіп орнатуға жұмылуы керек - Үкімет басшысы

Сөз арасында Үкімет басшысы «көлеңкелі» экономика белең алған нақты 5-6 бағытты алып, сонымен ымырасыз күресу қажеттігін ескертті. «Сауданың айтарлықтай басым бөлігі бізде ашық базарлардан келіп жатыр. Базарлардағы ретсіз сауда «көлеңкелі» экономиканы одан сайын әлдендіріп келеді. Ал одан кім байып жатыр? Ресми төлем жоқ, төлемнің бәрі «көлеңкеде» қалып жатыр, түбіртек беру үдерісі де жолға қойылмаған. Біз базарларға қашан тәртіп орнатамыз осы. Әкімдермен бірлесіп осыны қарайық, сосын кіріселік жұмысқа», - деді Үкімет басшысы экономика және бюджеттік жоспарлау министріне қарата айтқан сөзінде.
«Қанеки, нақты 4-5 бағытты алайық, ал сіз экономика министрі ретінде үкіметке, әкімдіктерге осы проблеманы алға тартыңыз, сосын ақылдасайық. Нақтылап, 2014-2017 жылдарға арнап тура осы іске кірісейік. Ал мына 150 пункттен тұратын жоспардан не шығады? Оның орнына ең басты 10-ын алайық, сосын барлық әкімдермен бірігіп, соған жабылайық бәріміз», - деді Серік Ахметов.
Оның айтуынша, бақыланбайтын экономика тек сауда-саттықтар мен базарларда ғана емес, автокөлік жөндеу саласынан бастап, жеке пайдаланатын бұйымдарға дейінгі аралықтарда да толып жатыр. «Мәселен, екінші орында ауыл шаруашылығы, үшінші орында көліктік тасу мен сақтаулар тұр», деді Премьер-Министр.