Әкімдердің есептік кездесулері жақсы істермен шырайлана түсуде

ОРАЛ. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО-ның Бөрлі ауданы Кеңтүбек ауылдық округінде өткен есептік кездесуге орай үш жас маманға жаңа пәтер кілттері табыс етілді,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мұғалімдер М.Тасқалиев пен А.Мұқашев, сондай-ақ мал дәрігері М.Раглаков бюджет қызметкерлері үшін салынған үйлерге орналасты. Есептік кездесуде ауыл мектебіне күрделі жөндеу жасалып, Бақтыарал елді мекеніне газ тартылғаны, басқа да жасалған жұмыстармен қатар алда тұрған мақсат-міндеттер де айтылды. Қарағанды ауылдық округінде өткен кездесуде аудан әкімі Болат Шәкімов Киров орта мектебі ұжымына аудан бойынша ҰБТ-ға балаларды дайындауда ең жоғары нәтижеге қол жеткізгені үшін ризашылығын білдірді. Жалпы, бұл жағынан Бөрлі ауданы екі жыл қатарынан облыста алда келеді. Зеленов ауданындағы ірі елді мекен Дариянда есеп берген ауыл әкімі Николай Железнов округтің өткен жылы облыста егіннен мол өнім алуға сүбелі үлес қосқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұнда бидайдың әр гектарынан орта есеппен 28,2 центнерден өнім алынса, арпа гектарына 20,8 центнерден айналды. Барлық шаруашылықтар мемлекет алдындағы қарызымен есептесіп, алдағы егінге қам жасап қойды. Сондай-ақ шағын бизнесті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Ауылдың 15 тұрғыны банктен несие алса, 7 адамға шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдау қоры арқылы 2 млн. 240 мың теңге берілді. Биылғы жылы көкөніс қоймасы мен жылыжай құрылысын аяқтау көзделіп отыр.
Соңғы жаңалықтар