Ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елубай Әуезов дүниеден озды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM –Сыр өңірінің әдебиеті мен журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елубай Әуезов дүниеден өтті. 

Ақын  «Алаш» әдеби сыйлығының иегері  Елубай Әуезов дүниеден озды
Фото: Облыстық қоғамдық даму басқармасы

Елубай Жұманұлы 1967 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданының Бесарық ауылында дүниеге келген. Н. В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын тәмамдаған соң еңбек жолын туған ауылындағы № 147 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады.

Оның шығармашылық жолы кейінгі жылдары журналистикамен қатар өрілді. Жергілікті қос телеарнада он жылға жуық қызмет атқарып, облыстық «Сыр бойы» газетінде бөлім меңгерушісі, «Ел тілегі» газетінде бас редактор болды. Сондай-ақ ұзақ жыл «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі ретінде өңірдің тыныс-тіршілігін елге жеткізді.

Ақынның туындылары республикалық және өңірлік басылымдарда жарық көріп, бірқатар жыр жинағына енді. Өлеңдері «Жыр тұғырым — тәуелсіздік», «Бесарық бастауы», «Сүйген жүрек», «Сырдың сырлы сандығы» секілді жинақтарда жарияланды. Ал «Мен таныған тылсым», «Түпсана жаңғырығы» атты жеке кітаптары оның ақындық болмысын айқындай түсті.

Елубай Әуезовтің жырларында туған жерге сүйіспеншілік, ел мен жер тағдыры, адамдық қасиет пен өмірдің мәні кеңінен көрініс тапты. Сыр бойының табиғаты мен тынысын, елдің мұңы мен қуанышын жырына арқау еткен ақынның шығармашылығы туған өңірімен біте қайнасып жатты.

Қаламгер ретінде ол журналистиканы ел мен қоғам арасындағы алтын көпір санады. Әр жылдары жазған мақалалары мен ақпараттық материалдарында Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани өмірін кеңінен қамтыды.

Елубай Жұманұлының артында мол әдеби мұрасы, әр жылдары жарық көрген шығармалары мен журналистік еңбектері қалды.

Бұдан бұрын белгілі журналист, ақын, прозашы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының «Ақпарат саласының үздігі» Жұмабек Айдарбекұлы Табынбаев қайтыс болды.