Ақын: Қазақ мүддесіне қызмет етуіміз керек

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Константин Лунин — ой өрнегін терген ақын ғана емес, қазақ жері мен қазақ батырларының тарихын тереңнен зерттеп, поэзиялық ірі шығармаларды дүниеге әкелген, Қазақ елінің мүддесі үшін жұмыс істеп жүрген белсенді ақсақал. Жасы сексеннен асқан Костя ағаймен тілдесудің сәті түсті. 

Қазақ мүддесіне қызмет етуіміз керек
Фото: Есенжол Исабек

Қазақ тарихындағы қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғаларды Костя ағай аз білмейді. Тарихты танып, қазақтың салт-дәстүрі мен менталитетін игергені жақсы адамдардың жанында көп болғанымның пайдасы деп есептейді. Өзі техника ғылымдарының кандидаты, көп жылдар Павлодардағы автоматтандыру және механикаландыру жобалық конструкторлық-технологиялық институтында бас конструктор болып еңбек еткен.

Қазақ мүддесіне қызмет етуіміз керек
Фото: Есенжол Исабек

— Ерлік жасайтын адамдарды жақсы көремін. Ал қазақтың тарихына, соның ішінде Ертіс-Баян өңірінің өткеніне үңілсек, қол бастаған Малайсары тархан, Жасыбай, Баян, Мойнақ сияқты атақты батырлар болған. Жаугершілік замандағы ерлік істерінен қанаттанып, Кенесары хан, Малайсары батыр туралы жырлар жаздым. Бұл батырлық дәстүр екінші дүниежүзілік соғыс жылдары да жалғасты. Ел басына күн туған шақта қазақ азаматтары алғы сапта қару ұстап, майданға аттанды. Өкінішке қарай, сол қайғы-қасіретке толы соғыстағы қазақ жауынгерлерінің ерлігі көп айтылмай, ашылмай жатыр. Біраз жылдар архивте отырып, 1942 жылы Ақмола, Қарағанды, Павлодар өңірлеріндегі кілең қазақ жігіттерінен құралған «106-шы ұлттық кавалерия дивизиясы» туралы тың деректерге кезіктім. Ол туралы кеңестік әдебиеттерде мүлде айтылмайды. Бұл дивизияға кейбір қазақ азаматтары өз тұлпарымен қосылса, енді біріне ауылдастары жиналып ат сатып әперген. Бұдан асқан патриотизмнің үлгісі бар ма?! Кеңес билігінің ұлттық дивизия құруына қазақтар батыр халықтың ұрпағы екенін ескеруінен болар деп шамалаймын. Еш әскери дайындықсыз апарған 4 мыңдай адам Харьков түбіндегі қан соғысқа құр сапы қылышпен кірген. 4 мың адамға 102 винтовка, 1 пулемет ғана беріледі. Қан-қасап қырғында қазақ дивизиясы немістердің танк дивизиясына қарсы тұрған. Алайда заманға сай қаруы жоқ, жалаң қылышпен шапқан жауынгерлер немістерге қайтіп тұра алсын, майдан даласында қынадай қырылады. Сол дивизиядан аман қалғандардың қарасы қос қолдың саусақ санына да жетпейді. Бұл — екінші дүниежүзілік соғыстағы ең ауыр трагедиялардың бірі, - деп күйзелді Константин Васильевич.

Заманында Абылай хан өз қылышын сыйлаған Мойнақ батырды біраз жылдар насихаттаған ақын оның туған жері — Ертіс ауданындағы бір ауылға есімін беру мәселесін көтерген. Бірақ ауыл тұрғындары ақынның меселін қайтарып, бұл ойы іске аспай қалды. Қазір өзі тұратын Павлодардағы Малайсары көшесі кезінде Суворов аталған. Константин Васильевич жергілікті қазақ ақындарымен тізе қосып, көшеге Малайсары тархан атын беруге үлес қосты. 1-Южная, 2-Южная, Степная және тағы басқа көшелерге қазақтың белгілі тұлғаларының есімдері берілгенде бұл ұсынысқа қарсы шыққандарды сынап өз тілінде өлең де жазды. Әр сөзі дәлелді, өткенмен байланыстырып өретін оның жырлары кейбіреулерге ұнамаса да ақынның шын жүрегінен ақтарыла шыққан тілегі екенін аңғаруға болады.

Қазақ мүддесіне қызмет етуіміз керек
Фото: Есенжол Исабек

Луниннің өлеңдерінде қазақ жерінің тарихы ғана емес, ұлылардың аманаты, ұлт руханияты, мәдениеті мен болмысы сарнап жатыр. «Бейбарс», «Великая степь восходящего солнце», «Богаты вы степи казахские», «Джут — казахский голодомор», «О казахском языке», «Сказка о Козы Корпеше и Баян Сулу», «Абай», «С.Торайгырову поэту-демократу», «Наурыз мейрамы» және т. б. өлең-жырлары соның дәлелі. 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарық көрген «Жаса, Қазақстан» өлеңдер кітабында да Қазақ жеріне деген сүйіспеншіліктің күйі төгіліп тұр. Бұл жинақта танымал ақын Айбек Оралхан Костя ағайдың бірқатар өлеңдерін ана тілімізге аударып беріп, ақынның жүрек түпкіріндегі қазақ ұлтына деген махаббатын жеткізгендей болған еді.

Қазақ мүддесіне қызмет етуіміз керек
Фото: Есенжол Исабек

— Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған уақытта біздің қоғам үшін аса қажетті институт болғаны анық. Себебі ол кезеңде өзге ұлт өкілдерін моральдық тұрғыдан тәрбиелеп, жас Қазақстан мемлекеті енді кеңес өкіметінің бөлшегі емес, мүлде бөлек, тәуелсіз, азат ел екенін ұғындыру міндеті тұрды. Ол миссияны ассамблея адал атқарды деп ойлаймын. Ендігі мақсат — көпвекторлы саясаттан бір векторлы жүйеге көшуіміз керек. Бұл — өзге ұлт өкілдері мемлекет құраушы қазақ ұлтының айналасына топтасуы керек деген сөз. Көптеген елдерде достарым, бұрынғы көршілерім, таныстарым тұрады. Айтуларынша, Германияда әркім өзін неміс, Францияда французбын деп есептейді. Мен өзімді қазақ деп санаймын. Бірақ бұл ұғым біздің отандастарымыздың көбі үшін әлі де алыс екенін байқаймын. Оған себеп болатын факторлар көп. Ассамблеядағы ұлттық орталықтар өз тілдерін, салт-дәстүрлерін үйретіп, ұлттық менталитеттерін егіп жатыр. Қарап тұрсаң, нағыз кереғар дүние. Біз Қазақ жерінде тұрғандықтан мұндай орталықтар қазақтың тілін, мәдениетін, болмысын үйретсін, қазақтың тілін күнделікті тұрмыста қажетсінетіндей дәрежеде балаларына меңгертсін. Әйтптегенде, өзге ұлттардың балалары мектепте 11 жыл қазақ тілін оқымайды дейсің бе? Әрине оқиды. Бірақ ынта жоқ, талап жоқ. Оны үйдегі үлкендер де сұрамайды. Кезінде менің ата-анам қуғын-сүргінге ұшырап, қазақ жеріне келгенде оларды қазақтар бауырына басып, аман алып қалған. Ал мен сол қасиетті топырақта өстім, жетілдім. Ендеше мен толыққанды қазақпын! Қазақ мүддесіне қызмет етуді қасиетті борыш санаймын, - деп толғанды Константин Васильевич.

Сөз соңында Костя ағай тарих — ортақ, тіл — ортақ, мәдениет — ортақ болатын кезеңге келе жатырмыз, қазақстандықтардың алтын арқауына айналған Қазақстанның бүгінгі ұстанымы соны көрсетеді деді. Әркім сол ортақ шаңырақтың мүддесіне қызмет етсе, одан артық бақыт жоқ!

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстандағы ең көне мемлекеттік архивтің ашылғанына 105 жыл толғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар