Ақкөл ауданында «Жол картасы» жобаларына бюджеттен 266 миллион теңге жұмсалады
ШЕТАУ. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-Ақмола облысына қарасты Ақкөл ауданында Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы аясында «Жол картасын» іске асыру мақсатына бюджеттен 266 миллион теңге қаржы қарастырылып, әлеуметтік жобалар шешімін табуда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімі Асқарбек Үйсінбаевтың айтуынша, қарастырылған қаржының басым бөлігі - 248 миллион теңгесі әлеуметтік нысандарда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына, қалғаны жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу мақсаттарына белгіленген. Сондай-ақ коммуналдық тұрғын үй шаруашылығы қажеттеріне елеулі қаржы ескерілген көрінеді. Айтулы жобаға сәйкес Искра-Степок, Минский-Степногор ауыларалық жолдарында, аудан орталығының бірнеше көшелерінде жөндеу жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Ал Искра орта мектебіне, Ақкөл балалар үйіне, аудандық аурухананың әйелдер босанатын бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмыстары қазірдің өзінде жүріп жатыр. Коммуналдық сала бойынша орталық бу қазандығының жылу құбырларында, аудан әкімдігі мен аудандық аурухана бу қазандықтарында қыс маусымына әзірлік шаралары жалғасын тауып отыр. Аймақта қолға алынған айтулы инвестициялық жобаларға сәйкес 122 жаңа жұмыс орны ашылып, 201 адам жұмыспен қамтамасыз етілген.