«Аққу» неге «ұшпай» қалды - баспасөзге шолу

АСТАНА. 7 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 7 қараша, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None
*** Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Бірлік, Торайғыр, Жаңажол, Қаратомар, Күркелі аталатын ауылдардағы пошта бөлімдері жабылғалы жатыр. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жазады. Басылымның жазуынша, сенатор Светлана Жалмағамбетованың Сенат отырысында айтқанындай «жалпы, оңтүстіктің тығыз орналасқан халқын шынында да солтүстікке қарай көшірмесе, біздің ауыл­дар­дың бос қалатын түрі бар». Екінші ойланатын мәселе, ауыл­дағы қазақтың әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдайларын жақсартпай болмайды. Осыдан он шақты жыл бұрын Баянауылдың жиырма шақты ауылы болашағы жоқ саналып, біржола жоғалып та кеткен болатын-ды.Енді жетпегені осы еді, жоғарыда аталған 5 ауылда пошта бөлімшесі жабылмақшы болып отыр. «Бұл жайында бізге ауданда баспасөзге жазылу барысына арнаған жолсапарда болған кезімізде аудандық пошта бөлімінің басшысы Төлеуғазы Мусин айтып берді.- Баянауылда пошта бөлімі ашыл­ғалы 100 жылдан асып кетті. Біздің ойымыз ауылдарымызда бұрыннан келе жатқан пош­та бөлімшелерін сақтап қалуда болып тұр. Га­зет-журналдарға жазылу, оны тарату жайлы мүм­кіндік болмай да қалады. Ауыл­да пошта бөлімшесі болмаса, мектеп жабылса, ел кө­шіп кете­тіні белгілі, - деді ол бізбен әңгімесінде»,- деп жазады автор. Айтса айтқандай, биыл «Қазпошта» АҚ басқармасы еліміз бойынша 320, Павлодар облысы бойынша 52 пошта бөлімшесін тиімсіз деп тауып, оларды жабу жөнінде шешім шығарған көрінеді. Бірақ, «Қазпошта» АҚ басқармасы тиімсіз деп жауып тастамақшы болып отырған ауылдардың бәрінде ел отыр ғой. Төлеуғазы Мусиннің айтуынша, ауылдағы пошта бөлім­шелерін сақ­тап қалудың бір жолы - аудандық пошта бөлімі қызмет көрсететін бюджеттік мекемелерге қосымша қаржы бөлу. Ал, ауданның шалғайдағы ауылдары саналатын Жаңатілек, Құндыкөл, Қызылтау, Теңдік, Ұзынбұлақ, Жайма жақтарына пошта жеткізу үшін автобус жүргізушілерімен шартқа отырып газет-журналдар жеткізеді екен. Өйткені, аудандық пошта бөлімінде пошта таситын бар-жоғы ескі 2 «Нива» көлігі ғана бар көрінеді. «Аудан бойынша газет журналдарға жазылу барысы да төмендеу екенін, енді қалған бір жарым айда тыңғылықты түрде қолға алып, жұмыс жасамаса, биылғы жылдың жазылымдарынан кеш қалулары да мүмкін екенін ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Қылышбековтың есіне салдық. Қайтарда аудан әкімі Ернұр Айткеновке жолығып, мәселенің мән-жайын айтып едік, «Қазпошта» АҚ басқармасы жүргізіп отырған шағын ауылдардағы пошта бөлімшелерін оңтайландыру жүйесіндегі бұл мәселеге түсіністікпен қараймыз. Бірақ, қазір қолдан келгенше 5 ауылдағы пошта бөлім­ше­лерінің жабылмауын қарас­тырудамыз деді», деп жазады мақала авторы. «Егемен Қазақстан» газетінде «Қарақшыдағы қарақшылық немесе сен кімсің «Х мырза» деген мақала беріліп отыр. Автордың жазуынша, Балықты - Түлкібас ауданына қарайтын, сай ішіндегі өзен бойын жағалай жатқан үлкен ауыл. Аты Балықты болғанымен, былайғы жұрт оны «Балықшы» деп атайды. Осы ауылдан төрт-бес шақырым қашықтықта Қарақшы деген жер бар. Сол жерді бүгінде Кәрімбаевтар әулетінің жеке-дара жайлап отырғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Тұрсынбек Кәрімбаев ақсақал сол жерде шаруа қожалығын ашып, ауыл адамдарын жұмыспен қамтып отырған. Газкттің жазуынша, Балықшыда ел атын айтуға қорқатын, тіпті үйінің қай жерде екенін саусағын шошайтып көрсетуге жүрексінетін бір кісі бар. Неге қорқады, неден сескенеді, біздің білгеніміз, жұрт ол кісіні қылмыстық авторитеттермен байланыстырады. «Ұлты басқа, бірақ қалың қазақтың арасында отырса да бәрінің «жүрегін» алып қойған осынау жанды тергеу ісі әлі аяқталмағандықтан, біз де аты-жөнін атамауды жөн көрдік. Жай ғана «Х мырза» дей салдық» дейді автор. Оның жазуынша, өткен жылдың қараша айында кешқұрым Тұрсынбек қария малдарын біреулердің айдап бара жатқанын байқап қалады. Біреуге хабарлауға уақыт тығыз, дереу соңынан қуа жөнелген. Сөйтсе, малды алдарына салып алғандар «Х мырзаның» баласы, күйеу баласы мен жалшысы екен. Қарияның жөн сұрап, малды әрі-бері қақпайлағанына қарамастан, сол күйі 51 бас жылқыны әкеліп қораға қамайды. Осы жерде айқай-шуды естіп, үйден «мырзаның» өзі шыққан. Кәрімбаевтардың редакцияға жазған арызына қарағанда, «мырза» мұның көзінше жігіттеріне: «Шалды ұрып-соғып, өлтіріңдер», деп тапсырма берген көрінеді. Жігіттер жабыла кеткен, ауыр соққыдан шал есінен танып қалады. Көзін ашса, қораның ішінде жылқылардың шетінде жатыр екен.Содан көп жылқымен бірге қамалған ерттеулі атына әрең мініп, қорадан қашып шығады. Артынан әлгілер қуған, бірақ ақсақал атының мықтылығының арқасында аман құтылады. Ал, содан соттасу... Осы істі қараған Түлкібас аудандық соты судьяларының бас­тары әбден қатса керек. Өйткені, күдіктілер: «Шалды ұрғамыз жоқ, жылқысы егінімізге түскеннен кейін әкеліп қамағанымыз рас. Тіпті, учаскелік полицияға да телефон шалдық. Бірақ, телефонын көтермеді. Ал, шалдың өзі үйіне кетіп бара жатып, аттан құлап қалған болуы керек», деп кінәларын мойындамайды. Бұл жақ: «Ұрды, өлтірмекші болды», деп дау­лайды. Екі жақтың да бірнеше куәлері бар. Сонымен не керек, ақырында аудандық сот «мырзаның» күйеу баласы мен жалшысын кінәлі деп тауып, шартты жазаға кеседі. Бірақ, не құдіреті бар екенін қайдам, соттың үкімінде «Х мырза» мен оның баласы туралы, олардың қандай жазаға тартылғаны туралы бір ауыз сөз жоқ. Біздің елден естігеніміз, олар бұл кезде бой тасалап кеткен көрінеді.Балықшы сол кезде бір дүр етіп, бұл дау талай «құдайы шайдың» қызу әңгімесіне тамызық болған-ды. Одан бері де бір жылдай уақыт өтіп, оты енді-енді басыла бергенде, ойламаған жерден оқиға қайтадан лап ете қалды. Биылғы жылдың қыркүйегінде өрістен Тұрсынбек қарияның 12 бас жылқысы ұрланады. Қазір барлық ауылда мал ұрлығы өршіп тұр ғой. Көзбен көріп, қолмен ұстап алмаған соң кімнен көреді? Әйтсе де осы жерде аудандық полицияның қызметкерлері қарияға: «Жылқыңызды бағып жүрген Нұрбол деген жігіттің өзінен күдіктенбейсіз бе?» деген сауал қояды. Бұл ойланады. Нұрболдың әке-шешесі кезінде мұның қолында жұмыс істеген. Тірлігіне тап-тұйнақтай, біреудің ала жібін аттамайтын адал әрі момын жандар. Осындай жанның баласы бұған қаскүнемдік жасауы мүмкін бе? Мүмкін емес сияқты. Бірақ, жылқышы баланың жанары қайта-қайта жыпылықтай бергенінен бір секем алып қалғаны рас еді. Бұл қалай болғаны сонда? Қысқасы, полиция жылқышы жігітті тергеу­ге алады, ол көп ұзамай-ақ болған жәйттің бәрін айтып береді. Сөйтсе, 12 жылқыны түн ішінде біреулер қорқытып-үркітіп алып кеткен. Кімдер дейсіз ғой? Баяғы «Х мырзаның» баласы, бостандыққа шыққан баяғы жалшысы, тағы бір-екі жігіт бар. «Сол жолы Нұрбол полицияға осының бәрін жазып беріп, шалым Тұрсынбек екеуі үйге келді. Шалым жылқышы баланың ақ болып шыққанына, нағыз ұрылардың табылғанына бір жағы қуанып та қалды. Ертеңіне Нұрбол үйге қайтадан келіп: «Ата, әке-шешем «мені сотталып кетеді, сізден ұят болды» деп уайымдап жатыр. Сіз барып, менің кінәм жоқ екенін бір ауыз айтыңызшы. Көңілдері орнына түссін», деген өтініш айтты. Тұрсекең көліктің руліне өзі отырып, Нұрболды ертіп, сол жаққа кетті. Содан кейін түнімен хабар болмай қалды», дейді редакцияға жазған арызында Тұрсынбек қарияның бәйбішесі Тұрсынкүл Кәрімбаева.Таңертең Тұрсынбек Кәрімбаевтың өлі денесі табылды. Өз көлігінің рулінде отырған қарияға біреу 20-дан астам рет пышақ сұққан. Соңғы соққыны жүрек тұсынан ұрған екен, пышақ кеудеге қадалған күйі қалыпты. Ал, жылқышы жігіттің денесі көліктен 300 метр­дей жердегі ағаштағы жіпке асылулы тұрған күйі табылды.«Ертеңіне-ақ ауыл полицияға толып кетті. Олар бірден біз күдіктеніп жүрген, әлгі жылқымызды ұрлады деген адамның үйін қоршап алып, ешкімді жібермеуге тырысты. Яғни, олар ұлтаралық араздық тұтанып, бір сойқан болып кете ме деп қорықты. Естуім, ол кісі баласы екеуі қазір ауылға мүлдем келмейді. Ал, полиция тергеуді мүлдем басқа жаққа бұруда. Байқауымша, менің шалымды жылқышы жігіт өлтірді, содан кейін оның өзі асылып өлді дегенге келтіретін сияқты. Мен мұнымен келіспеймін. Біріншіден, ешқашан да жылқышы жігіт пен менің шалымның арасында түсініспеушілік болған емес. Екіншіден, шалымның жасы жетпістен енді асса да өмір бойы аттың үстінде жүрген оның бір жігітпен алысуға шамасы келетін. Қарулы еді. Бұл жерде басқа біреулер араласқан сияқты. Ең жаманы, Нұрболдың кезінде полицияға жылқыны кім ұрлағаны туралы жазып берген түсініктемесі жоғалып кетіп отыр. Шалым «Түн ішінде үш адам мылтық атып қорқытып, жылқыны алып кетті», деп жылқышы олардың кімдер екенін атын атап, түсін түстеп жазып берді» деп келген болатын», дейді көз жасына ерік берген Тұрсынкүл апа. Автор бұл іс бойынша ОҚО ІІД тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Еділ Алтынбаевпен сөйлескен. Алайда ол мардымды жауап бермепті. Ал, Түлкібас аудандық полициясына хабарласқанда телефон тұтқасын көтергендер бір-біріне сілтеп, ақырында мардымды жауап ала алмаған. *** «Айқын» газетінің жазуынша, бірнеше жобалар үлкен дабырамен ашылып, кейіннен еш өнім шығармастан тоқтап қалды. Бұл - Үкімет пен жергілікті әкімдіктердің тікелей кінәсі. Шалағай істің бірі Маңғыстау облысында да бар. Ол - Ақтаудағы «Caspiy electronics» зауыты. Бұл жоба Ел тә­уел­сіздігінің 20 жыл­ды­ғына орай Елбасының қатысуы­мен өткен телекөпір кезінде іске қосы­лып, жұмысын бастаған бола­тын. Сол кезде зауыт басшы­лы­ғы бүкіл Қазақстанды «Аққу» атты планшетпен қа­рық қы­ламыз деп жарияға жар салған болатын. Жоба «Ақтау теңіз порты» арнайы экономи­ка­лық аймағында жүзеге асы­рылды. Яғни салық және кедендік төлемдерден боса­тылған. Осындай жеңілдік­ке қара­мастан, зауыт есігінен план­шет түгілі темір сай­ман да шық­паған. Мұны қаржы полиция­сы да растап отыр. «Құны 600 миллион теңге деп бағаланған жабдықтардың 2010 жылы 20 миллион теңгеге сатып алынғаны анықталды. Зауыттан бірде-бір компьютер күні бүгін­ге дейін шығарылмаған. Аталған серіктестік Қытайдан 1 мыңға жуық планшеттік компьютер сатып алып, зауытта әзірленген өнім ретінде қызықтыру мақ­сатында, азаматтар мен БАҚ-та көрсетіліп отырған» дейді Маңғыстау облысы бойынша эко­номикалық қылмыс және сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз-хат­шысы Нұргүл Мұқатай. Кезінде зауыт туралы телеар­налар жарыса көрсетті, барлық басылым жарыса жазды. Мұнда жылына 67 мың планшет, 43 мың монитор мен 40 мың теледидар құрастырылуы тиіс болатын. Өнім Қазақстанды айтпағанда ТМД елдері, Шығыс Еуропа мен Таяу Шығысқа да экспортталмақ еді. «Шетелдік нұсқадан айыр­масы, мұнда басты мәзір мен пернетақтаның қазақ тілінде бо­луы. Бағасы да қазақстандықтар үшін қолжетімді». Бұл - зауыт алғаш іске қосылған кезеңдерде «Caspiy electronics» ЖШС жоба жетекшісі, Қатарбаев Ғазиздің сөзі. Мұның бәрі бүгінде жай қиял мен қол жетпейтін арман болып қалды. Зауыт ашылғаннан бері екі жыл бойы осы бос тұрғаны өз алдына 600 млн теңгеден астам мем­лекет қаржысын да құрдымға жіберген. Зауыт басшылары отан­дық өнім өндірудің орнына Қытайдан дайын өнiм алып, оны Қазақстанда "Аққу" маркасымен сатып келген. Өтіріктің өрге баспайтыны белгілі, міне, енді былықтары ашылып, елге масқара болып отыр. «Тергеу барысында құны - 174 миллион теңге деп көрсетілген мемлекеттік қабылдау актісіндегі баға жалған, яғни көтермелеп көрсетілгені анықталды. Маң­ғыстау облыстық Сот сараптау институтының қорытындысына сәйкес жасалған жұмыстар құны - 72 миллион теңгенің үстінде болған» дейді Маңғыстау облы­сы бойынша экономикалық қыл­мыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бас­пасөз-хатшысы Нұргүл Мұқа­тай. Содан бері облыста екі бірдей облыс әкімі ауысты, зауыттың да бастықтары өзгерген. Заманауи зауыт қолдан-қолға өтіп жүргенде соңында тоқтап тынды.«Сот шешіміне дейін бұл зауыт туралы бірдеңе айту ерте деп са­наймын. Ең бастысы, зауыт бар. Ол кезінде мыңнан астам теледи­дар шығарды да. Олардың бәрі жергілікті дүкендер арқылы са­тылды. Демек, тиісті органдар өз жұмысын аяқтаған соң бұл мә­селеге қайта келеміз» деді облыс әкімінің орынбасары Ра­хымбек Әміржанов арнайы ұйым­дастырылған брифингте. Қазір осы факті бойынша қылмыс­тық іс қозғалып, Ақтау қалалық сотында қаралып жатыр. «Іс сотта, куә­лар көп. Кейбіреулері Алматы­дан шақырылып жатыр. Нақты нәтиже шықпағаннан кейін, ештеңе айта алмаймыз» дейді Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметкерлері. Каспий теңізі жағасында құрас­тырылған, қазақша әріптер енгізілген «Аққу» атты қазақ­стандық тауар әзірге арман күйінде қалып отыр... Мақала «Аққу» неге «ұшпай» қалды» деген тақырыппен беріліп отыр.
Соңғы жаңалықтар