Әкім Тарази тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін қазақтың көрнекті жазушысы Әкім Тарази тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Сонымен қатар, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде қаламгер атындағы мәжіліс залы ашылып, дөңгелек үстел өтті.
Салтанатты шараға драматургтің көзін көрген ізбасарлары мен қос палата депутаттары, мемлекеттік ұйымдардың басшылары келген. Жиналған қауым жазушы жайлы естеліктерімен бөлісті.

— Жазушы — шығармасымен мәңгі өмір сүреді. Ал осындай мемориалдық тақта арқылы оның шығармашылығы мен өмірбаяны ұрпақтан-ұрпаққа жете береді. Әкім Тарази аға қазіргі заман туралы жазатын. Ғасырға жуық өмір сүріп, артында өшпейтін мол мұра қалдыра білген тұлға. Меніңше, Әкім аға өлген жоқ. Оның мәңгілік өмірі енді басталды, — дейді жазушының рухани інісі Төлен Әбдік.
Мемориалдық ескерткіш тақта Ахмет Байтұрсынов көшесінің бойындағы биік үйдің қабырғасына қойылды. Тақтайша өзі ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне қарап тұр. Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі мына үйде жазушы 20 жыл тұрған.
— Әкім Тарази үлкен мектеп көрген жазушы. Кешегі дүниеден өткен ұлы классик Мұхтар Әуезовтің көзін көрген. Ғабит Мүсіреповтің шәкірті болған. Осылай еске алып, тақтаның қойылуына бас қосып, естеріне алып жатыр. Мен жиналған көпшілікке, аяулы бауырларға, қаламдас інілеріне, қарындастарына алғыс айтқым келеді, — дейді жазушының жары Роза Мұқанова.
Айта кетейік, Әкім Тарази «Тұлпардың ізі», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Арман — атаман», «Қыз жылаған» сынды фильмдердің сценарийін жазған.
Бұдан бұрын Президент жазушы Әкім Таразидің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтқанын жазған едік.
Сондай-ақ, 24 сәуірде Астана орталық мешітінде қазақтың көрнекті қайраткері, жазушы Әкім Таразимен қоштасу рәсімі өтті.