Әкімдіктер келесі жылдан бастап құны 14,7 млн теңгеден аспайтын қызметтерді бір көзден сатып алады
АСТАНА. KAZINFORM – Әкімдіктер келесі жылдан бастап құны 14,7 млн теңгеден аспайтын тауарлар мен қызметтерді бір көзден сатып алады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Кейбейіл айтты.

2025 жылы «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң күшіне енеді. Вице-министр аталмыш заңда бір көзден сатып алу процедураларын реттейтін нормалар бар екенін айтады.
«Заңмен 100 айлық есептік көрсеткішке (369 200 теңге – ред.) дейінгі тауарларды, 500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (1 млн 846 мың теңге – ред.) жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден сатып алу көзделген.
Сонымен қатар, ауылдық әкімшіліктер үшін 4000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (14 млн 768 мың теңге – ред.) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді бір көзден алу мүмкіндігі беріліп отыр», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, жаңа заң күшіне енгеннен кейін конкурсқа (аукционға) қатысуға біліктілік талаптарына сай келетін бір өтінім ұсынылса, конкурс (аукцион) өткізілді деп танылмақ.