Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әкімдіктер талапкерлерге неше білім грантын бөлді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жергілікті атқарушы органдар бөлетін мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына өтініш қабылдау басталды. Биыл әкімдіктер бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша барлығы 2392 білім грантын бөлді, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.

гранты
Фото: gov.kz

Жыл сайын әкімдіктер өңірлерге қажетті және басым бағыттар бойынша мамандарды мақсатты даярлау үшін білім беру гранттарын ұсынады.

– Биыл жергілікті атқарушы органдар бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша оқуға 2392 білім беру грантын бөлді, – делінген министрлік хабарламасында.

Ең көп грант Астана қаласында қарастырылған – 303. Шымкент қаласының әкімдігі 285, Шығыс Қазақстан облысы 270 грант бөлді.

Батыс Қазақстан облысында – 211, Абай және Түркістан облыстарында – 200-ден, Ақмола облысында – 199, Қарағанды облысында – 198, Атырау облысында – 187, Маңғыстау облысында 163 грант қарастырылған. Қалған өңірлердің әрқайсысы 100-ге жуық грант ұсынды.

Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер өздері таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш беруі керек.

Өтінішке білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, сондай-ақ бар болған жағдайда жеңілдік санатын растайтын құжаттар қоса тапсырылады.

– Білім беру гранттарын беру туралы шешімді тиісті әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан және жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады, – деп хабарлады министрлік.

Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.