Әкімдіктер жергілікті жолдардың сапасын арттыру жоспарын әзірлейді
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі жергілікті жолдардың сапасын арттыру шаралары қаралды, деп хабарлайды Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Көлік министрлігінде Үкімет басшысы Олжас Абайұлының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» тақырыбындағы үш күндік республикалық семинар-кеңестің қорытынды отырысына қатысты.
Аталған іс-шараға орталық мемлекеттік органдар, өңір басшыларының орынбасарлары, компаниялар мен ұйымдардың басшылары қатысты.
Жол сапасы мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты назарында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының нақты нәтижесіне баса мән беру қажеттігін атап өткен болатын. Бұл ретте жол сапасына қойылатын талаптарды күшейту және саладағы жауапкершілікті арттыру өзекті міндеттердің бірі болып қала береді.
Іс-шара барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары орындалатын жұмыстардың сапасын бақылауды күшейтуді, жолдардың бұзылуына жол бермеуге ерекше тоқталды. Жергілікті атқарушы органдар нысандардың белгіленген талаптарға толық сәйкес болған жағдайда ғана қабылдануын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
— Кепілдік мерзімі ішінде ақаулар анықталған жағдайда, оларды мердігерлер өз қаражаты есебінен жоюға тиіс, — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Семинар барысында жол жұмыстарының жекелеген кезеңдеріне ғана емес, жергілікті жол желісін басқарудың тұтас жүйесіне баса назар аударылды. Басты тапсырмалардың бірі — облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне бір апта ішінде жергілікті жолдардың сапасын арттыру жөніндегі үш жылдық жоспарларды әзірлеуді тапсырды. Жоспарлар жол жұмыстарының барлық кезеңін қамтуы тиіс. Атап айтқанда, басым учаскелерді айқындау, жобалау құжаттамасын әзірлеу, құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізу, олардың сапасын бақылау, жолдарды кейіннен күтіп-ұстау мәселелері ескерілуі қажеттілігіне тоқталып өтті.
Семинар қорытындысы бойынша республикалық, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары желісінің сапасын арттыруға бағытталған нақты міндеттер айқындалды.
Бұған дейін Түркістанда жол құрылысы материалдарының 50-ден астам сынамасы талапқа сай болмағанын жазғанбыз.