Ақмол ауылында Целиноград аудандық сотының ғимараты пайдалануға берілді

Сәулетті ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Мұсабек Әлімбеков аймақ сот саласы қызметкерлерін қоныс тойларымен құттықтап, бұл сот жүйесінің жұмысын жақсартуға бағытталған қадам екендігін атап көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл осыдан үш жыл бұрын аудан орталығының елордадан қоныс аударғаннан кейін салынған алғашқы мемлекеттік қызмет нысаны болып табылады. Көлемі екі мың шаршы метр кеңседе сот қызметкерлерінің жақсы жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалынған. Осындағы 30 кабинет компьютермен, аудио және бейне таспаға түсіру техникалық жарақтармен қамтамасыз етілген. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 270 миллион теңге қаржы қарастылып, айналасы жарты жылдың ішінде аяқталып отыр. Мұнда қылмыстық және азаматтық істер, заң жүйесі, сот орындаушылар, куәгерлер, прокуратура мен адвокаттар, сот орындаушыларға жеке-жеке бөлмелер ескерілген. Осындағы 6 сот мәжіліс залы, осынша судьялар бөлмесі, ауданаралық мұрағат өскелең талапқа сәйкестендірілген
Целиноград аудандық соты ғимаратының ашылу салтанатына облыс әкімі Альберт Рау, ҚР Жоғарғы Сот жанындағы сот әкімшілігі комитетінің төрағасы Георгий Ким қатысты.