Ақмола облысы әкімдігіне қарасты ғимарат орнына шахмат үйі ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысындағы (Көкшетау қаласы) әкімдікке қарасты балықшылар үйінің орнына балаларға арналған орталық - шахмат үйі ашылады. Бұл туралы аталған өңірдің әкімі Марат Ахметжанов мәлім етті.

«Ол - резиденция емес, әкімдіктің тіркеуінде тұрған ғимарат. Ғимаратты біз облыстық Білім басқармасына бердік, ол жерде Ақмола облыстық балаларға арналған орталық - шахмат үйін ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір ғимаратты шахмат үйіне айналдыру бағытында, қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр», - деді Марат Ахметжанов Үкімет отырысынан кейін Kazinform агенттігі тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.
Әкімнің айтуынша, аталған ғимарат биыл пайдалануға беріледі.
Еске сала кетсек, өткен жылдан бастап ел өңірлеріндегі әкімдікке қарасты ғимараттарды (резиденция) халық игілігіне беру іс-шарасы қолға алынған еді.
Айта кетсек, былтыр Ақтөбе қаласындағы резиденция Мемлекет басшысы мен түрлі қонақтар қабылдайтын қонақүй болса, енді балалардың демалыс немесе сауықтыру орталығына айналатыны айтылды.
Сондай-ақ, Жамбыл облысындағы Президент резиденциясы оқу-сауықтыру орталығы болып қайта ашылған еді.