Ақмола облысына пойызбен келген жолаушылар саны 296 мыңға жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Ақмола облысына теміржол көлігімен 296 мың жолаушы қатынады, деп хабарлайды Көлік министрлігі.
Министрліктің мәліметінше, өңірде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін Бурабай, Шортанды, Макинка және Ақкөл станцияларының вокзалдары пайдалануға берілді.
– Жыл басынан бері Ақмола облысына бағытталған теміржол көлігі бойынша жолаушылар ағыны 296 мың адамды құрады. Қайта жаңғыртылған вокзалдар жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, туристік бағыттардың қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
1988 жылы салынған Бурабай курорты вокзалы тәулігіне орта есеппен 1 601 жолаушыға қызмет көрсетеді. Жазғы маусымда бұл көрсеткіш 2 мың адамға дейін артады.
Үш қабатты вокзал ғимаратының жалпы ауданы 3,2 мың шаршы метрден асады. Станция арқылы Астана, Алматы, Атырау, Петропавл, Қызылорда, Орал, Қарағанды қалаларына, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстанға қатынайтын 30 жолаушылар пойызы өтеді.
Сонымен қатар Шортанды, Макинка және Ақкөл станциялары арқылы 14 жолаушылар пойызы қатынайды.
Айта кетейік, Қазақстанда жаңғыртудан кейін 30 вокзал іске қосылды.