Ақмола облысында 17 мыңнан астам жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында мектептер маңындағы жол қауіпсіздігі күшейтілді. Жыл басынан бері полиция 523 рет тексеру жүргізіп, жол қозғалысы ережесін бұзған 17 мыңнан астам жаяу жүргіншіні жауапкершілікке тартты.

Ақмола облысында 17 мыңнан астам жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды
Фото: Polisia.kz

— Ақмола облысында оқушылардың қауіпсіздігі үшін бірқатар шара қолға алынды. «Назар аударыңыз, балалар!» және «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!» жедел-профилактикалық іс-шаралары шеңберінде полиция қызметкерлері мектептердің жанындағы жолдарды зерттеп, қауіпті учаскелерді анықтап, кемшіліктерді жоюға атсалысады, — делінген Polisia.kz ақпаратында.

Ақмола облысы Полиция департаменті ӘПБ бастығының орынбасары Азамат Байғазиннің айтуынша, жұмыс нақты нәтижелерге қол жеткізді.

Білім беру ұйымдарының маңындағы аумақтарға да ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жерлерде 914 «Назар аударыңыз, балалар!» белгісі, 690 жаяу жүргіншілер өткелі белгісі, 500 жылдамдықты шектеу белгісі және 192 жасанды жол кедергісі орнатылды. Сонымен қатар 301 білім беру ұйымының жанында жол белгілері қойылған.

— Алайда қауіпсіздік тек жол белгілерімен шектелмейді. Полицияның бастамасы және бақылауы бойынша 185 нысан жарықтандырылып, 76 нысанға тротуар, 82 нысанға жол қоршаулары орнатылды. Сонымен қатар бес нысанға бағдаршам қойылды, — делінген ақпаратта.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері көше-жол желісіне 523 тексеру жүргізді. Анықталған кемшіліктердің қорытындысы бойынша 523 нұсқама берілді — жауапты қызметтер бұзушылықтарды жойып, жол учаскелерін қауіпсіздік талаптарына сәйкес келтіруге тиіс.

Бұл ретте бақылау тек жолдардың жай-күйіне және жүргізушілердің мінез-құлқына ғана қатысты емес. Полицейлер жаяу жүргіншілердің өздеріне ерекше назар аударады.

— Жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 17 172 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицияның жұмысы тұрақты түрде жалғасуда: жолдар тексеріліп, анықталған кемшіліктер жойылуда және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары жүргізілуде. Басты мақсат — әр баланың мектепке қауіпсіз барып, үйіне аман оралуын қамтамасыз ету, — делінген ақпаратта.

Бұған дейін Астанада 20 мыңнан астам жаяу жүргінші жол ережесін бұзғаны туралы жаздық.