Ақмола облысында 46 адам қар құрсауында қалып қойған

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында ТЖМ құтқарушылары қар құрсауынан 46 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

закрыта дорога, метель, гололед, боран, жол жабық, көк тайғақ
Фото: Әскербек Қаракөз / Kazinform

Ақмола облысында қолайсыз ауа райы сақталып тұр. Өңірдің бірнеше ауданында ТЖД қызметкерлері апаттық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді.

Қорғалжын ауданы Үшсарт ауылынан 6 шақырым жерде қар құрсауында қалған автокөліктерден құтқарушылар 6 адамды эвакуациялады. Эвакуацияланғандар жылыту пунктіне орналастырылды. 

Аршалы ауданының құтқарушыларына эвакуация жұмыстарын екі рет жүргізуге тура келді. Бірінші жағдайда көмек мектеп автобусындағы жолаушыларға қажет болды.

— Қар құрсауында қалған автобуста 13 адам, оның ішінде 6 бала болған. Барлығы Бірсуат ауылындағы тұрғылықты жерлеріне жеткізілді. Екінші жағдайда құтқарушылар Ижевское ауылының маңында қар құрсауында қалған жерден 11 адамды, оның ішінде 3 баланы эвакуациялады. Барлығы жылыту пунктіне орналастырылды, — делінген хабарламада.

Целиноград ауданының құтқарушылары да екі рет шақыртуға шықты. Қар құрсауынан 8 адам, оның ішінде 1 бала эвакуацияланды.

Ерейментау ауданында мал іздеуге шыққан ер адам жоғалып кеткен. Іздестіру-құтқару жұмыстарына бара жатқан құтқарушылар жолда қар құрсауында қалған автокөліктен 7 адамды эвакуациялады. Көп ұзамай жоғалған ер адам табылып, тұрғылықты жеріне жеткізілді. Эвакуацияланған азаматтар да жылыту пунктіне жеткізілді.

Бұған дейін СҚО-да қар құрсауында қалған балықшы аман-есен құтқарылғанын жазғанбыз.