Ақмола облысында 80 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында эпидемиялық маусым басталғалы бері 80 мыңнан астам жіті респираторлық вирустық инфекция тіркелді.

Ақмола облысында 80 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырды
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Ақмола облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 2025-2026 жылғы эпидемиялық маусым басталғалы өңірде 80 026 ЖРВИ тіркелді. Сырқаттың басым бөлігін 14 жасқа дейінгі балалар жұқтырған — 65,6% (52 562 жағдай).

— Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда балалар арасындағы аурушаңдық 0,9 есеге артқан. Сырқаттың көбеюі барлық жас аралықта байқалады. Ағымдағы эпидемиялық маусым А тұмауы вирусының белсенді айналымымен жүретін аурулардың күрт өсуімен сипатталады. Жедел респираторлық вирустық инфекциялардың ең жоғары деңгейі 46-шы аптадан бастап тіркеледі, — делінген ақпаратта.

2026 жылдың басынан бері ЖРВИ-дің 5282 жағдайы тіркелді. Биыл да 14 жасқа дейінгі балалар арасында сырқаттанғандар көп — 59,6% (2233 жағдай).

Облыстық санитарлық дәрігерлер ақмолалықтарды ЖРВИ мен тұмаудың таралу қаупін азайту үшін арнайы емес профилактикалық шараларды сақтауға шақырды.

— Эпидемиялық өршу кезінде халық көп жиналатын орындарға баруды шектеу қажет. Жеке бас гигиенасын сақтау, қолды үнемі сабынмен жуу, жуылмаған қолмен бетті ұстамау маңызды. Бөлмелерді үнемі желдетіп, дымқыл тазалау шарасын жүргізу ұсынылады, — деп түсіндірді санитарлық дәрігерлер.

Дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрынның ағуы, тамақ ауруы сынды белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгініп, көпшілік ортадан алыстап, үйде оқшауланған жөн. Бұл инфекцияның одан әрі таралуын болдырмайды.

Айта кетейік, Түркістан облысында да ЖРВИ-мен сырқаттанғандар саны артты. Шығыс Қазақстан облысында 130 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырды.

Соңғы жаңалықтар