Ақмола облысында алты адам кене энцефалитін жұқтырып, үшеуі боррелиозға шалдыққан
АСТАНА. KAZINFORM — Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері Ақмола облысында 849 адамды кене шаққан, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, эпидемиологиялық маусым басталғалы өңірде кене энцефалитінің зертханалық жолмен расталған алты жағдайы тіркелген. Оның екеуі Бурабай ауданында, екеуі Сандықтау ауданында және тағы екеуі Көкшетау қаласында анықталған.
Сонымен қатар кене боррелиозының үш жағдайы тіркелді. Оның екеуі Сандықтау ауданында, біреуі Бурабай ауданында анықталған.
— 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кене инфекцияларымен сырқаттану деңгейі 1,5 есе өскені байқалады. Былтыр осы кезеңде кене энцефалитінің төрт жағдайы және кене боррелиозының екі жағдайы ғана тіркелген, — деп хабарлады ведомствода.
Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері кене шаққан 849 Ақмола тұрғынының 227-сі — 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл көрсеткіш бойынша да 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім байқалады.
602 адамға иммуноглобулинмен профилактикалық ем жүргізілді. Иммуноглобулин алмаған 247 адамның 13-і медициналық көмекке үш тәуліктен кейін, яғни кеш жүгінген. Екі адамда медициналық қарсы көрсетілімдер болған, бір адам бұған дейін иммуноглобулин алған, тағы бір адам вакцина салдырған. 12 адам иммуноглобулин алудан өз еркімен бас тартқан. Ал 218 адамды кене эндемиялық емес аумақта шаққан.
— Кене энцефалитінің табиғи ошақтары орналасқан аумақтарда, атап айтқанда Сандықтау ауданында тұратын және медициналық көмекке жүгінген адамдарға препарат өндіруші қоса беретін нұсқаулыққа сәйкес белгіленген мерзімде иммуноглобулинмен серопрофилактика жүргізіледі. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кене энцефалиті таралған табиғи аумақта жұмыс істейтін адамдарға аурудың алдын алу үшін вакцина салынады. Олардың қатарында орман шаруашылығының қызметкерлері, ағаш кесетін цех жұмысшылары, ағаш кесушілер, орманшылар, малшылар, механизаторлар, сондай-ақ қызметіне байланысты табиғи ошақтарға тұрақты түрде баратын адамдар бар. 2026 жылы кене энцефалитіне қарсы вакцина алуы тиіс 357 адамның 303-і, яғни 85 пайызы вакцина салдырды, — деп толықтырды ведомство.
Сандықтау ауданының тұрғындарына және эндемиялық аумақта кене шаққан адамдарға иммуноглобулин алу үшін шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну қажет.
Облыстың басқа аумақтарында кене шаққан жағдайда шұғыл иммунопрофилактика алғашқы 72 сағат ішінде жүргізіледі. Бұл ауру қаупін азайту үшін өте маңызды. Ал медициналық көмекке кеш жүгінген жағдайда иммуноглобулин қолданылмайды.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында жеті адам кене энцефалитін жұқтырғаны хабарланған болатын.