Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығынан 1 500-ден астам көлік жолда қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Ауа райының нашарлауына және жолдардың жабылуына байланысты Ақмола полицейлері 1 500-ден астам көлікті діттеген жеріне жеткізді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыста екі күн – 14 және 15 желтоқсанда ауа райы нашарлаған. Температураның төмендеп, аздаған жауын-шашын болып, жол көктайғақ болуына байланысты екі республикалық тас жолда көлік қозғалысын шектеу туралы шешім қабылданған.
– Патрульдік полиция бөлімшелері жолда жиналып қалған көлік қозғалысына реттеуге көмектесті. Тәртіп сақшылары жүргізушілерге колоннада жүру ережелерін, белгіленген жылдамдық пен интервалды сақтау қажеттігін түсіндірді, - делінген хабарда.
Ақмола полицейлері барлығы 1 000-нан астам жеңіл көлікті, 500-ге жуық жүк көлігін, бір қоғамдық көлікті алып жүрді. «Екатеринбург-Алматы» тас жолының 1 291-1 353 шақырымы, Жібек жолы кентінен Қарағанды облысының шекарасына дейін және «Астана-Ерейментау-Шідерті» тас жолының 159-200 шақырымы, Ерейментау қаласынан бастап Павлодар облысының шекарасына дейін көліктерді жеткізу қажеттілігі туындаған.
Полицейлер жүргізушілерді «Қазгидромет» хабарламасын тыңдауға және ауа райы нашарлаған кезде елді мекендерден тыс жерлерге шықпауға шақырды.