Ақмола облысында балықшының қармағына «тарихи артефакт» ілінді
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының Қорғалжын ауданы Сабынды ауылдық округі аумағында, Нұра өзеніндегі шлюз маңында алдын ала деректер бойынша мамонт сүйектері табылды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Қорғалжын ауданының ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, жергілікті тұрғын Лұқман-Хакім Қасымов балық аулау кезінде қармағына әдеттен тыс ауыр зат ілінгенін байқаған. Ол судан шығарып алған кезде, оның ірі сүйек екені, тіпті мамонттың азу тістері болуы мүмкін екені анықталған.

— Бүгін бұл бірегей тарихи артефакт Қорғалжын аудандық өлкетану музейіне тапсырылды. Жақын арада ол арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарына жіберіледі. Бұл зерттеу табылған сүйектердің қай дәуірге және қай жануарға тиесілі екенін анықтауға көмектеседі. Бұл оқиға өңір тарихы үшін аса құнды жаңалық болды. Табиғат пен тарихтың мұндай тосын сыйы өлкеміздің бай мұрасының тағы бір дәлелі, — делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар, Ақмола облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Жасұлан Үкеевтің пікірінше, мұндай жағдайлар Есіл, Жабай, Нұра өзендерінің бойында жиі кездеседі және оларды зерттеу — палеонтологтардың құзыретінде. Ақмола облысында палеонтологтар жоқ болғанымен, бұл жаңалық басқа өңір мамандарының қызығушылығын тудыруы мүмкін.
Айта кетелік СҚО-да алып мамонттың сүйегі табылған еді.