Ақмола облысында биыл жаңғыртылған тағы үш вокзал ел игілігіне берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында тағы үш жаңғыртылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Олар Шортанды кентінде, сондай-ақ Макинск және Ақкөл қалаларында орналасқан. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.

Ақмола облысында биыл жаңғыртылған тағы үш вокзал ел игілігіне берілді
Фото: Көлік министрлігі

Нысандарды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан теміржол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізілді.

Ақмола облысында биыл жаңғыртылған тағы үш вокзал ел игілігіне берілді
Фото: Көлік министрлігі

— Бағдарламаға енгізілген нысандар саны бойынша өңір көш бастап тұр: қазіргі таңда 16 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Жаңғырту бағдарламасы вокзалдарға екінші өмір сыйлап қана қоймай, елді мекендердің туризм мен бизнесті дамытуына, инвестициялық тартымдылығын арттыруға қосымша мүмкіндік берді, — делінген хабарламада.

Жаңғыртылған вокзалдар қауіпсіздік, жайлылық және қолжетімділік бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Қайта жаңғырту барысында ғимараттардың қасбеттері мен ішкі бөлмелері, инженерлік желілер жаңартылды. Сондай-ақ жайлы күту залдары жабдықталып, навигация жүйесі жетілдірілді, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалы жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.

Ақмола облысында биыл жаңғыртылған тағы үш вокзал ел игілігіне берілді
Фото: Көлік министрлігі

Еске сала кетейік, өңірде жаңғыртудан кейін алғаш болып Щучинск қаласының теміржол вокзалы жұмысын бастады. Шілде айында тағы 7 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал Көкшетау қаласындағы теміржол вокзалы қазан айында пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында жаңғыртудан өткен үш теміржол вокзалы пайдалануға берілді.